ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
МЕН ЕШҚАЙДА КЕТПЕЙМІН, КӨШПЕЙМІН!
Түнімен ұйықтай алмадым «Енді Берсеев деген ауыл жоқ!» - деген сөз қайта-қайта келеді құлағыма. Шынымен де солай ма?! Менің әке-шешем өскен жер, өзім туған жер, балаларым да осы жерде дүниеге келді.
Құстар да туған жерге қайта оралмай ма?!
«Құстар, құстар сызылтып ән салады,
Туған жерін қимай кетіп барады», — деп ән салмап па едік.
Мен құлаған үйімді 1993 жылы тасқыннан кейін өз күшіммен салып алдым. Әрине, совхоз (кеңшар) көмек берді. Алайда, әр тасына маңдай терім сіңді, тамды. Маған ыстық ұя.
Тасқынның келуіне өзіміз де себепкерміз. Байып кеттік, құдайымызды, әулиемізді, ата-анамызды ұмыттық. Тәубе дегеннен бездік, ысырапқа жол бердік. Садақа, көмек, мейірімнен айырылып барамыз. Су тасқыны келмей-ақ, 28 наурызда Ойылдың таксистері жол ақысы 200 теңгеге бірақ көтерсе, ауылдың бір саудагері Ойылдан майшамды 150-ден алып, ауылға 500 теңгеден сатыпты. Бұндай асып-тасқаншылық көбейіп кетті. Енді не істеу керек?
Жоғарыдан бірнеше жерде су бөгейтін тоған салу керек. Тоған салу- завод салу емес. Тоған салу өте қиын ба? Соған да шамамыз жетпей ме? Мен алдын-ала «Мұзды жару керек! — деп байбалам салдым. 1993-те де суды мұз, сең бөгеді. Осы мұзды да жара алмаймыз ба? Неге қауқарсызбыз, салғырттықты қоялық! Келіп жатқан көмекте шек жоқ, елге алғысымыз шексіз. Күн жылынып келеді, тамақ та табылады, кішкене ашыққан да дұрыс. Тамақ тағы басқа келген киімдерді үлестірмей, талан-таражға салмай, жинай тұру керек. Алда да керек болады. Ақшалай көмекке жинай берген жөн. Мен ауылдастарымды ауызбіршілікке, ынтымаққа шақырамын.
Саламат ШАҢҒАЛА,
Қаратал ауылы.