ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Апта басында вице-премьер Серік Жұманғарин облыстағы су тасқынынан зардап шеккен аудандарға барды. Алдымен вице-премьер көп зардап шеккен Ойыл ауданының тұрғындарымен кездесті. Ойыл ауданында барлығы 340 үйді су басқан, қазіргі уақытта 49 үй әлі де су астында қалып отыр. Ең көп зардап шеккен ауыл тұрғындары Ойыл ауылындағы үш эвакуациялық пунктке орналастырылған.

Вице-премьер эвакуациялық пункттердің жай-күйін қарап, ондағы адамдардың талап-тілектерін тыңдады. Оларды ең алдымен залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты мәселелер қызықтырды.
Серік Жұманғарин барлық ұсынысты Үкімет деңгейінде қарастыруға уәде берді.
Су тасқыны кезінде толығымен су басқан Екпетал елді мекеніндегі 48 және Жаңабаздағы 19 үйдің тұрғындары жаңа үй салынып берсе, Ойыл ауданының орталығына біржола көшуге әзір екендерін жеткізді.
Серік Жұманғарин аудан әкімі Асқар Қазыбаевқа осы және басқа да зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарымен көшудің барлық тетігі және мүмкіндіктерін талқылауды тапсырды. Өйткені, қазіргі таңда аудан орталығында инфрақұрылым жеткізіліп тұрған 200-ден астам жер телімі бар.
Сонымен қатар вице-премьер Ойыл өзені арқылы өтетін, бүгінде жарамсыз болып қалған көпірді қарап, сол жерде ҚазжолҒЗИ мамандарымен қалпына келтіру жұмыстарын тез арада бастау мүмкіндіктерін талқылады.

Басқа жаңалықтар