ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

АУДАНДА ҚОҒАМДЫҚ ШТАБ ӨЗ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

Су тасқынынан туындаған төтенше жағдайға байланысты мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіподақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, білім, денсаулық сақтау, жастар ұйымдарының өкілдері, медиаторлар, дін саласы өкілдері мен тиісіті атқарушы билік өкілдері күш біріктірді.

Ойыл аудандық штаб Жолмырзаев көшесі, 16 мекен-жайында “Amanat” партиясының ғимаратында орналасқан. Штаб іс-шараларды үйлестіруге және су тасқыны кезінде зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған. Басты мақсат — табиғи апат салдарынан зардап шеккен азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету.


18 сәуір күні Ойыл аудандық қоғамдық штаб мүшелері аудан орталығындағы Ойыл кәсіптік колледжінде орналасқан эвакуациялық пунктке барып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен жүздесіп, қолдау білдіріп, эвакуациялық пункттегі жәй-күйге бақылау жүргізді.
Қазіргі таңда аталмыш эвакуациялық пунктте 29 адам бар, оның 13-і балалар. 19 сәуір күні аудандық қоғамдық штаб мүшелері су тасқынынан зардап шеккен Ш.Берсиев атындағы ауылдық округіне қарасты Қаратал ауылына барды. Алдымен ауыл мектебі ғимаратында орналасқан эвакуациялық пунктке штаб құрамына енген медиаторлар халыққа түсінік жұмыстарын жүргізіп, аудандық аурухананың психолог, эпидемиолог мамандары өз кеңестерін берді. Штаб мүшелері ауыл тұрғындарының уақытша орналасқан тұрғын-жайларында болып, тұрғындардың көңіл-күйін біліп, олардың арыз-өтініштеріне құлақ түрді. Қоғамдық штаб мүшелері топ-топқа бөлініп, Қаратал ауылындағы 16 көше бойынша суға кеткен үйлерді аралады. Арнайы сауалнамалар жүргізіліп, тұрғындардың қазіргі ахуалы, мемлекеттен берілген біржолғы төлемнің берілу барысын, келіп жеткен гуманитарлық көмектермен қамтылуын анықтады. Жалпы Қаратал ауылы бойынша 205 шаңырақта 1182 тұрғын тұрады. Қазіргі таңда оның 750-ге жуық тұрғыны ауылға оралған. Сауалнама жүргізу барысында 180-ге жуық тұрғын үй қамтылды. Қазіргі таңда суға кеткен аймақтарды арнайы комиссия мүшелері қарап, тексеріп жатыр. Алдағы уақытта барлық тұрғындарға заңға сәйкес тиісті көмек берілетін болады.
Сонымен қатар қоғамдық штаб мүшелерінің Қаратал ауылына іссапары барысында сенбілік ұйымдастырылып, ауыл-елдің қазіргі ахуалын анықтау барысында суға кеткен үй-жайларын бұзып, орнын тазартуға жағдайлары келмейтін және отбасында ер азаматтары жоқ, толық емес отбасы, аз қамтылған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар екендігі анықталды. Осы орайда қоғамдық штаб жоғарыда көрсетілген санаттағы тұрғындарға қолкөмек беру мақсатында аудан тұрғындарына үндеу жолдады. Осы орайда ауыл тұрғындарының бірі Нұрболат Бозшин жан-жақтан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қол көмегін созып жатқан барша жанашыр жандарға, ауданның еріктілеріне және қоғамдық штаб мүшелеріне өз алғысын жеткізді. 20 сәуір күні аудандық қоғамдық штаб мүшелері су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауылдық округіне қарасты Екпетал, Жаңабаз ауылдарының тұрғындары орналасқан Ойыл орталығындағы уақытша тұрғын-жайларында болды. Алдымен Ойыл кәсіптік колледжі жатақханасындағы тұрғындардың хал-ахуалын білісіп, ас мәзіріне бақылау жүргізді. Сонымен қатар сенбілік жұмыстарын ұйымдастырып, көшет ағаштарын отырғызуға ат салысты.
Су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындарына азық-түлік себептерінің беріліп, жеткізілуін қамтамасыз етті.
Туындаған мәселелер бойынша қабылдау жүргізіп, өтініштері атқарушы биліктің назарына жеткізілетіндігі айтылып өтілді.
Қазір суға кеткен аумақтарды арнайы комиссия мүшелері аралап, тексеріп жатыр. Алдағы уақытта барлық тұрғынға заңға сәйкес тиісті көмек берілетін болады. Бүгінде аудан бойынша тұратын, су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға біржолғы төлем беріліп жатыр. Айта кету керек, суға кеткен үйлердің бірқатары саманнан салынған.
Су тасқынынан зардап шеккен Екпетал ауылының тұрғыны, көпбалалы ана, ұзақ жылдар бойы ұстаздық еткен Гүлжан Өтениязова жан-жақтан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қол көмегін созып жатқан барша жанашыр жандарға, ауданның еріктілеріне және қоғамдық штаб мүшелеріне өз алғысын жеткізді.

Басқа жаңалықтар