Әлеумет

Биылғы меже —  төрт ауылға таза ауыз су

Соңғы жылдары ауданымызда ауыл тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүзеге асырылып келеді. Көптеген елді мекендерде таза ауыз су қажеттігі мәселеге айналса, қазір аталған мәселе рет-ретімен шешімін табуда. Биылдың өзінде Ақшатау, Ақкемер, Көсембай, Қаракемер елді мекендеріне ауыз сумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары басталды.

Осы орайда, аудан әкімінің орынбасары Асылан Кенжебаев пен Ойыл аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Таңат Нұрымгереев елді мекендерге ауыз су құбырын тартып жатқан мердігерлердің жұмыс сапасын бақылап қайтты. Арнайы іссапарға шыққан басшылар Шұбарши бағытындағы жөнделіп жатқан жолдың да жұмысымен танысты.
Толығырақ тарқатсақ, «Ойыл аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» ММ-сі тарапынан сумен қамту обектілерінің құрылысын салу үшін «Акпан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Саралжын ауылдық округінің Ақкемер ауылын сумен жабдықтау объектілерінің құрылысын салу үшін «Теміржолсу-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қайыңды ауылдық округінің Көсембай ауылын сумен жабдықтау объектілерінің құрылысын салу үшін «Батысгазстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Қаракемер ауылын сумен жабдықтау объектілерінің құрылысын салу үшін «Актам — инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыз су құбырын тартуда.
Аталған ауылдар ауыз суды осы уақытқа дейін құдықтан пайдаланып келеді. Әйтсе де, «Таза су денсаулық кепілі» — екені сөзсіз. Қазіргі таңда төрт елді мекенге ауыз су құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Енді мөлдір су әр үйдің ауласына кіргізілмек. Алайда, су жүргізуші мердігерлер «Біз ауылдың жартысынан көбіне су құбырын тартып жатырмыз. Бірақ, ауыл тұрғындарының үйлеріне су тартқызу жұмыстары баяу», — дейді.
P.S.
Көсембай, Ақкемер, Ақшатау елді мекендерін ауыз сумен қамту жұмыстары «Аймақты дамыту» бағдарламасы арқылы жүзеге асырылса, Қаракемерге «Жұмыспен қамтудың жол картасы — 2020» бағдарламасы арқылы жүргізілуде. Аталған ауылдар ауыз сумен толықтай қамтылғаннан кейін аудандағы елді мекендерді ауыз сумен қамту деңгейі 63,6 пайызға артпақ.

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар