ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып

Саяси қуғын құрбандарын еске алды

Өткен ғасыр қазақ халқы үшін ауыр нәубет пен қасіреттерді, «екінші ақтабан шұбырындыны» кешу ғасыры болды. Тарих қатпарларында қаншама жазықсыз төгілген көз жас пен аққан қан қалды. Кеңес өкіметінің қолдан күштеп ұжымдастыруымен Қазақ жерінде бір емес үш бірдей ашаршылық болды.

Халық қамын жеген саяси қайраткерлер, ұлт зиялылары, автономиялық республика құрушыларды бір сөзбен айтқанда ұлт қаймағынан сескенген Кеңес өкіметі И.В.Сталиннің «Троцкийшілдер және басқа да екіжүзділерді құрту бойынша партиялық жұмыстардың жетіспеушіліктері» атты баяндамасын талқылағаннан кейін жаппай қудалау басталды.

Бұл тарихта «Үлкен террор» деген атпен қалды.
Сол күні Ойылдың орталық саябағында орналасқан «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш» алдында еске алу шарасы өтті.

Алдымен ұлт зиялыларының бейнесін сомдаған аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары олардың арман-мұраттарын жеткізсе, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин өткен ғасырдың басында қазақ халқының басынан кешкен тағдырына тоқталды.


Еңбек ардагері Аманғос Қисықов күні бүгінге дейін арамызда болған саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарының тағдыры туралы баяндады.

Одан кейін Ойыл аудандық мешітінің имамы Нұрлан Майлыбаев аруақтарға құран бағыштады. Жиналғандарға жеті шелпек таратылса, Жаңыл Бисенғалиева ұлттың тағдыранан сыр шерткен «Заман-ай» әнін орындады.

Еске алу шарасынан кейін жұртшылық «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке» гүл шоқтарын қойды.

Басқа жаңалықтар