ӘкімдікӘлеуметБасты тақырып
Ауданда 178 үй салынып жатыр
Ойыл ауданында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тұрғын үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Өткен аптада облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев ауданға келіп, құрылыс барысымен танысты.
Аудан орталығынан басқа мердігерлер Қаратал, Ақкемер, Кемер, Ақжар және Бестамақ ауылдарында жұмыс істеуде.
Көпке мәлім, Ш.Берсиев атындағы ауылдық округінің орталығы – ең көп зардап шеккен ауылдар қатарында. Аудан әкімдігінің құрылыс кезеңдері бойынша мәліметіне сәйкес, Қараталда 133 үйдің құрылысы басталды.
Оның 129-ында іргетасы құйылып, 90 үйде қабырғалар тұрғызылған, ал 40 үйдің шатыры жабылған. 20-дан астам үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. 15 үйге инженерлік желілер жүргізіліп, терезелер орнатылған.
Ойылда салынып жатқан 20 үйдің құрылысы қарқынды. Ақкемер елді мекенінде 16 үй, Ақжарда 5 үй, Кемер мен Бестамақта екі-екі үйден салынуда.
Олардың көпшілігінде құрылысшылар үйлердің шатырын жауып, сылақ жұмыстарын және инженерлік желілерді жүргізіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, Ойыл ауданының 129 отбасына қайталама нарықта дайын үйлер сатып алынды.
Сең соғып, су бұзған баспаналар толығымен дерлік сүріліп, жаңадан тұрғызылып жатыр. Әзірге Қаратал ауылының халқы киіз үйді паналап отыр. Мұндай ақ отау әр аулада бар. Жауын мен шашыннан пана болатын дәстүрлі баспана заманауи материалдардан жасалғанымен тұрғындар қолайсыз екенін айтып отыр.
Ауылда құрылыс су тартылып, жер кепкен соң басталды. Бірінші кезекте үйінді боп қалған үйлердің орны тазартылып, қажетті материалдар жеткізілді. Бүгінге дейін 129 баспананың іргетасы құйылып, 90 ғимараттың қабырғасы тұрғызылды.
Құрылысшылар 40-қа жуық үйдің шатырын жауып қойған. 20-дан астамында ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Қаратал ауылы үлкен құрылыс алаңына айналған. Қазір мұнда әрбір көшеде ондаған баспана тұрғызылып жатыр. Су тасқыны кезінде мұнда 131 үй қирап, тұруға жарамсыз болып қалған еді.
Берік Оспанов бөгетті бұзып, ауылды жайлаған судың деңгейі терезенің ернеуіне дейін жеткенін айтады. Саманнан салынған үйі шыдас бермей бірден қираған. 45 жыл пана болған баспананың орнына енді жаңасы тұрғызылып жатыр.
Айтуған Жұмағалиев, Мердігер мекеме директорының орынбасары:
— 4 үй қаланып жатыр қазір, енді үшеуі қалды көтерілетін. Біріне дейін барлық үйдің шатыры жабылып, терезесі салынады.
Ішіндегі жұмыстары ғана қалатын болады. Материал барлығы жеткілікті ешқандай кідіріс жоқ.
Тас қалауда 20 адам жүр. Шатырын жабуға бөлек адамдар келеді, ал ішінің жұмыстарына басқа бригада келеді.
Ойыл ауданында қазір ондаған құрылыс компаниясы жұмыс істеп жатыр. Әрқайсысына бірнеше үй салу міндеті жүктелген. Басты мақсат– тасқыннан зардап шеккен тұрғындар оқу жылын су жаңа баспанада қарсы алуы тиіс.