Басты тақырыпЭкономика
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ СУ ТАСҚЫНЫНАН ЗАРДАП ШЕККЕН АУЫЛДАРЫНДА ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ МЕН ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСЫНЫҢ ҚАРҚЫНЫН ТЕКСЕРДІ
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданының тұрғындары үшін салынып жатқан жаңа үйлер құрылысының қарқынымен танысты. Осы жылдың 17 шілдесінде өткен Су тасқынынан кейін тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру мәселелері жөніндегі кеңесте әкімдік пен тиісті министрлікке берілген жұмыстарды жеделдету, күштер мен арнайы техниканы жұмылдыру бойынша тапсырмалардың орындалуы тексерілді.
Олжас Бектенов Ойыл ауданы Қаратал ауылында салынып жатқан үйлерді аралап көрді, бұған дейін олардың жоспардан 15-25 күнге кешігуі туралы мәселе көтерілген болатын. Елді мекенде су тасқыны салдарынан 210 ғимарат зақымданды, оларды тексеру жұмыстары толығымен аяқталды. Ауыл тұрғындары үшін қайталама нарықтан 60 үй сатып алынды. Жөндеуге жататын 18 нысан бойынша тиісті төлемдер жүргізілді. Ауылда тұруға жарамсыз деп танылған үйлердің орнына 132 тұрғын үй салынып жатыр.
Салтанат Оспанова, Қаратал ауылының тұрғыны:
«Биыл наурыз айында ауылымызға тасқын су кіріп, қаншама үй тұруға жарамсыз болды. Қазір қиыншылықтардың бәрі артта қалды. Үйіміздің орнына жаңа үй салынып жатыр. Өте қуаныштымыз. Үйдің іші-сырты көңілімізден шықты. Құрылысшылар қарқынды жұмыс жүргізіп жатыр»
Премьер-Министр мердігер компаниялардың арнайы техникамен және еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілу жағдайымен танысты. Қазіргі таңда 132 үйдің барлығының іргетасы құйылып, 120 үйде қабырға қалау жұмыстары аяқталды, 65 үйдің шатыры жабылды, ал 30 үйдің ішкі құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олжас Бектенов құрылыс алаңдарына қосымша күш пен арнайы техника тартуды тапсырды.
Нұрлан Қонақбаев, «ОТАН СТРОЙ КОРПУС» ЖШС өкілі:
«25 мамырдан бастап осында 7 үй салып жатырмыз. 4 үйдің төбесін жауып, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Салынып жатқан үйлер – кемінде 80 шаршы метр, 3 бөлмелі»
Премьер-Министрге Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев тұрғын үйді, инфрақұрылымды қалпына келтіруге және өтемақы төлеуге қатысты өңірдегі қазіргі жағдай туралы баяндады.
«Инфрақұрылым мен тұрғын үйлер су тасқынынан қатты зардап шекті. Президент жолдар мен әлеуметтік нысандарды реконструкциялауды, үйлерді қалпына келтіруді және жаңадан салуды тапсырды. Барлық тапсырмалар қысқа мерзімде орындалуы тиіс. Бұл үшін әкімдіктерге Үкімет пен салалық министрліктерден толық қолдау көрсетіледі», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Нұрлыбек Шауменов, Ойыл ауданы Ш.Берсиев атындағы ауылдық округ әкімі:
«Қазіргі таңда 133 үй салынып жатыр. Жалпы 11 мердігер жұмыс жасап жатыр. 90-нан астам үйдің қабырғасы қаланды, 50-ден астам үйдің шатыры жабылды, 30 үйде ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Қыркүйек айына дейін құрылысты аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ мектепте жөндеу жұмыстары басталды. Бұған қоса, балабақша, кітапхана, мәдениет үйі су тасқыны салдарынан жарамсыз болып қалды. Жақын арада олардың құрылысы басталады».
Үкімет басшысы облыс аумағында орналасқан гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне жеке тоқталды. Мәселен, 206 құрылымның 15-і қираған. Су тасқынының салдарын жою үшін қазіргі уақытта қажетті жұмыстар жүргізілуде. Гидроқұрылыстар бойынша барлық процестерді жеделдету, сондай-ақ 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мақсатында қауіптің алдын алу туралы тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар өңірде 58 көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру жоспарланып отыр. Бұзылған жолдарды жөндеу және реконструкциялау үшін ҚР Үкіметінің резервінен 10,2 млрд теңге, облыстық резервтен 6,4 млрд теңге бөлінді. Қазіргі уақытта сараптама нәтижелері күтілуде.
Барлығы 100 су өткізгіш құбырды, 23 көпірді, 47,2 км жолды салу және жөндеу жоспарда бар.
primeminister.kz