Рухани жаңғыруСұхбатЭкономика

Адал азамат — адал еңбек ГҮЛФИЯНЫҢ ГҮЛДЕРІ ТАЛАЙ ҚУАНЫШТЫҢ «КУӘСІ»

ҚАЙ МЕРЕКЕДЕ БОЛМАСЫН, ӘРТҮРЛІ ІС-ШАРАЛАРДА ГҮЛ ІЗДЕП КЕТЕТІНІМІЗ АНЫҚ. ЖАС КӘСІПКЕР ГҮЛФИЯ ШОҚ ГҮЛДЕРДІ ҚАЛАҒА САБЫЛМАЙ-АҚ АУДАНЫМЫЗДАН САТЫП АЛУҒА МҮМКІНДІК ЖАСАП ОТЫР.

Гүл сату кәсібі табысты, әрі тәуекелі көп сала екені белгілі. Ауданда алғашқылардың бірі болып гүл сататын дүкен ашқан Гүлфия Мырзағұлованың сөзінше, гүлдерге деген тапсырыс әркезде әртүрлі болады. «Қазір гүлге сұраныс қатты қарқынды деп айта алмаймын. Жаймен-жаймен келе жатыр. Бірақ, шүкір, дүкен гүл сатып алушылардан кенде емес. «Москва бірден салынбады деген» бар ғой (күліп). Сұраныс бар жалпы», — деді ол. Гүлфияның гүл дүкенін ашқанына үш жылдай уақыт болған. Мамандығын жұмысымен ұштастарған ол екі мамандық иесі.
«Бұл кәсіпті бастау ойымда жүрген арман болатын.
Соны тек жүзеге асыру үшін жұмыс жасадым. Басында тек бір бума гүл әкеліп сатып бастадым, ұзақ тұрып өліп қала беретін. Жаймендеп халықты үйрету арқылы кәсібім дөңгелей бастады. Туған күн, мереке, той-думан гүлсіз өтпейді десем артық айтқаным емес шығар. Бұл саланың артықшылығы көп, бірі күнделікті табысында болса, екіншісі әйел қауымына қуаныш сыйлай аласыз. Күйбең тірліктен әйел адамы нәзіктігін жоғалтып алып жатады, сол себепті жиі гүл беріп қуантып тұрған дұрыс. Әйел қауымының гүл алғандағы қуанышын көріп өзім қуанам, — дейді. Жас та болса, кәсіпкерліктің қыр-сырын еркін меңгерген ол бір ғана гүл сатумен шектеліп қалмауды ойластырған.
Гүл дүкенінен арнайы ыдыстар, гүлдің топырағын ауыстыру, құнарландыратын қоспаларды табуға болады. Сондай-ақ той, мерекелерге баннер жасау қызметімен де айналысады.
Одан бөлек бөлме гүлдерін де сатады. Мереке күндері ғана қасына көмекші алатын кейіпкеріміз басқа уақытта сәндеу, буу жұмыстарын өзі жасайды. Үйінің жанынан ашқан шағын дүкені аудан тұрғындарының талабына сай қызмет көрсетіп отыр және сыйлықты үйге дейін жеткізіп беру қызметі де барын тілге тиек етті. «Алдағы уақытта үлкен гүлдер дүкенін ашу ойымда бар. Бұйырса бастамасын бастап жатырмыз. Мемлекеттің жастарды қолдау бағдарламалары бар, қазір солардың бірін жүзеге асырып үлкен құрылыс бастап, жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамтығым келеді»,- деді жас кәсіпкер. Аудан аумағында өтетін іс-шараларға белсенді түрде қатысып отыратын Гүлфия ауданның кәсіпкерлік саласын дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше рет аудан әкімінің марапатына ие болған.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар