Экономика

Қазақстандық мамандар шет елдің АЭС-ін салуға да өз үлесін қосып жүр – депутат

Қазақстанның атом электр станциясында тәжірибесі мол. Сондықтан мамандар АЭС салуға және оны қарқынды пайдалануға әлеуетіміз жететінін айтып жүр. Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов та бұл пікірімен келіседі. Ол елімізде АЭС салынса, оның толыққанды жұмыс істеуі үшін білікті 400 қызметкер қажет болатынына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше,әлемдік тәжірибеге сәйкес, атом энергетикасы нысандары үшін мамандарға қажеттілік шамамен 2000 адамды құрайды, оның 1600-і жедел (оперативный) персонал. Мұндай нысандардың толыққанды жұмыс істеуі үшін атом энергетикасы саласында жоғары білімі бар 400 қызметкер қажет.

АЭС-ке қажетті мамандар Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Қаныш Сәтпаев атындағы Ұлттық техникалық университетінде, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде даярланатын болады. Қазіргі уақытта Астанада және Өскемендегі екі университетте 1649 студент «Ядролық физика», «Ядролық энергияға арналған материалдар» және «Ядролық физика және ядролық энергия» бағыттары бойынша оқуды аяқтады, — дейді мәжілісмен.

Саурықов бүгінгі таңда Қазақстанда болашақ атом электр стансасын іске қосу үшін жеткілікті адам ресурстары барын алға тартты.

Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам, оның ішінде 15 мың негізгі өндірістік персонал жұмыс істейтінін ескерген жөн. Сондай-ақ ядролық реакторлар ондаған жылдар бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында көптеген мамандар жұмыс істейді. Атом электр станцияларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстардың нәтижелері Жапонияда, Францияда және ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын басқа елдерде бірқатар инновациялық атом электр станциялары жобаларында ескерілген, — дейді депутат.

Қазақстанда ядролық физика, техника және атом электр саласындағы білікті мамандар жеткілікті. Сондықтан мәжілісмен алдағы уақытта елімізде АЭС салынған күнде кадр тапшылығы туындамайды деп сендіреді.

Депутаттың сөзінше, біздің мамандарымыз шет елдің АЭС-ін салуға өз үлесін қосып жүр. Мәселен, Түрік елінде (Ақкөйде) салынып жатқан АЭС-те жерлестеріміз, ядролық физика мамандары жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар, елімізде 3 зерттеу институты бар. Алматы қаласындағы Ядролық физика институты, Курчатов қаласындағы екі  ұлттық ядролық зерттеу реакторы бар. Ол жерлерде жұмыс жасап жатқан мамандарымыз бар. Еліміздегі мамандар біздің АЭС құрылысы кезінде шет елдегі АЭС-тарда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтап келеді.

Бұған дейін АЭС құрылысына және оның қауіпсіздігі мен тиімділігіне қатысты осы саланың мамандарымен, сарапшыларымен тілдескен болатынбыз. Мамандардың бірқатары елімізге АЭС-ті салып беретін ел белгіленген соң, эксплуатацияның бастапқы уақытында сол мемлекеттің мамандары жұмыс істеуі мүмкін екенін атап өткен болатын. Осы мәселеге байланысты мәжіліс депутаты Ерболат Саурықовтың да пікірін сұраған едік.

Құрылыс аяқталғаннан кейін АЭС-ті салып берген компанияның мамандары станцияны іске қосып, біздің мамандарға тапсырады. Қажет болған жағдайда, консультант ретінде шетелдік мамандар жұмысқа тартылуы мүмкін, — деді Саурықов.

Сонымен қатар, ядролық физика маманы Асхат Бекбаев АЭС – энергия көзін тұрақты беріп отыратын әлемдегі бірден бір құрал екенін түсіндіріп берді.

Басқа жаңалықтар