Экономика

ҚАЗАҚСТАНҒА СЕНІМДІ ЖӘНЕ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ҚУАТ КӨЗІ ҚАЖЕТ!

Мемлекет басшысы биылғы кезекті Жолдауында елімізде АЭС салу туралы өзінің нақты ұсынысын айтты. Әрине, бұл еліміздің экономикалық дамуы сараланып, сарапталғаннан кейін қабылданған шешім. Жаһандық энергия тапшылығының өсуін ескере отырып, Қазақстан сенімді және экологиялық таза энергия көздеріне аса мұқтаж. Сондықтан, президенттің айтуынша, атом энергетикасын дамытуға жіті назар аудару қажет.
Өйткені, мамандардың айтуынша, қазірдің өзінде әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Ал, Орталық Азиядағы жетекші мемлекеттің бірі Қазақстанға сенімді және экологиялық таза қуат көзі қажет.
«Біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын», — деді мемлекет басшысы.
Ел өміріндегі әрбір маңызды қадам жұртшылықпен бірлесіп жасалып келеді. Бір жыл бұрын қоғамның талқысына түскен Атом электр стансасы туралы мәселе азаматтарымыздың жан-жақты ойланып, салмақты шешім қабылдауына жеткілікті мерзім болды.
Соның нәтижесінде, кешегі референдум кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір айқын көрінісі болды. Шын мәнінде, бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекетке» тән сипат. Біз осындай қадамдар арқылы жаңа қоғамдық-саяси мәдениеттің негізін қалап жатырмыз. Бұл маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдаудың жаңа үлгісі.
Қоғам болған соң, пікір алуандығы болуы заңды. Бірақ, өткен референдумға 7 млннан астам сайлаушының қатысып, өздерінің конституциялық құқығын пайдалануы көп жайды аңғартса керек!
Сондықтан, бұл желідегі желдей ескен байбалам мен алыпқашпа ақпаратқа қойылған нүкте болды!
Серікбай Қойбағаров, аудандық «Ойыл» газетінің редакторы.

Басқа жаңалықтар