Экономика

Жыл қорытындысы: Күре жолдан бастап энергия көздерімен жабдықтауға дейін – Қазақстан инфрақұрылымы қалай жақсаруда

Primeminister.kz редакциясы 2024 жыл қорытындысын жариялауды жалғастырады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген инфрақұрылымды жаңғыртудың кешенді тәсілі – маңызды бағыттардың бірі.

Әр міндетке басымдық беру

2024 жылғы ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті инфрақұрылымды дамыту мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол көлік, энергетика және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын жеделдету, сондай-ақ мемлекеттік және жеке инвестицияларды тиімді пайдалану қажеттігін баса айтты.

Негізгі міндеттер қатарында логистика мен көлік коммуникацияларын жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, шалғай және ауылдық елді мекендердегі азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мәселесі айқындалды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев инфрақұрылымдық жобалардың сапасын арттыруға, оларды жүзеге асыру мерзімдерін сақтауға және қаражаттың жұмсалуын мұқият бақылауға баса назар аударды.

Осыған байланысты Үкімет 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспарын әзірлеп, бекітті. Құжаттың стратегиялық міндеті – басым жобаларды айқындау, нысаналы көрсеткіштер мен инфрақұрылымның негізгі бағыттарын белгілеу.

Қазақстанның инфрақұрылымдық даму жоспары төрт негізгі бағытқа бөлінген 204 жобаны қамтиды:

  • Энергетикалық инфрақұрылым (46 жоба) – жаңа нысандарды жаңғырту және салу, тұрғындарды газбен қамту деңгейін арттыру арқылы сенімді энергиямен қамтамасыз ету.
  • Көлік инфрақұрылымы (59 жоба) – көлік дәліздерін дамыту, жолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғырту.
  • Сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы (89 жоба) – сумен қамтамасыз ету, су бұру және сарқынды суларды тазарту нысандарын салу және жаңғырту.
  • Цифрлық инфрақұрылым (10 жоба) – инфрақұрылымды бақылау және басқару үшін цифрлық шешімдерді енгізу.

Энергетикалық инфрақұрылым: тұрақтылық және «жасыл» технологияларға көшу

2024 жыл Қазақстанның энергетика саласын дамытудағы маңызды кезеңі болды. Биыл еліміздің жылу энергетикасына, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) және электр энергетикасына айтарлықтай әсер еткен бірнеше маңызды келісім мен заңдарға қол қойылды.

Энергетика министрлігінің «Жылу-электр энергетикасын дамыту»  бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2024 жылы республикалық бюджеттен 14 жобаны іске асыруға,  52,7 млрд теңге бөлінді, оның ішінде 6 жоба жылумен қамтуға, 8 жоба электрмен жабдықтауға қатысты. Қазіргі уақытта осы жобалардың екеуі – «Ақжайық» ЕТЖК және Орал қаласының ГТС-54 аудандарындағы 110/10 кВ қосалқы стансалары пайдалануға берілді, бұл өңірді энергиямен қамту сенімділігін едәуір арттырды.

Энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуды ынталандыру үшін Қазақстан қайтарымды инвестициялардың жылдық лимитін 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бұл жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдар үшін негізгі жабдықтарды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту жөніндегі жобалар пулын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта Инвестициялық келісімдер шеңберінде жалпы қуаты 2,48 ГВт болатын 19 келісім қолданыста, оның ішінде қайтарымды инвестициялар лимиті ұлғайғаннан кейін 13 келісім (жиынтық қуаты 1,4 ГВт) жасалды. Бұл еліміздің энергия жүйесінің қуатын едәуір арттыруға және оның тұрақтылығын жақсартуға мүмкіндік береді.

2024 жылы Жүйелік оператор ірі энергетикалық нысандарда бірқатар күрделі жөндеу жұмысын жоспарлады. Жөндеу бағдарламасы аясында электр стансаларында 10 энергия блокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Бүгінгі таңда 9 энергия блокта, 53 қазандықта және 39 турбинада жұмыс аяқталды. 1 энергия блогында, 2 қазандықта және 6 турбинада жұмыс түрлі аяқталу сатысында.

2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы жылумен жабдықтау саласында жинақталған кешенді проблемаларды шешуге бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» жаңа салалық Заңға қол қойды. Заң жылу жүйесі мен жылу энергетикасы объектілері жұмысының тиімділігін арттыруға, халық үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және жылумен жабдықтаудың сенімділігін қамтамасыз етуге арналған. Заң шеңберінде инфрақұрылымды жаңғырту және салаға инвестициялар тарту жөніндегі шаралар да көзделген.

Халықаралық әріптестермен ынтымақтастық Қазақстанның экологиялық орнықты энергетика жолындағы ұстанымын нығайтты. 7 наурызда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Үкіметі арасында 1 ГВт жел электр стансасының жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл жоба Жетісу облысында іске асырылады, инвестор халықаралық компания – Acwa Power.

2024 жылғы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Qazaq Wind Power» ЖШС арасында Жамбыл облысында жел электр стансасының жобасын іске асыру туралы тағы бір маңызды келісімге қол қойылды. Жобаның негізгі инвесторы – Masdar компаниясы, ал ЖЭС қуаты 1 ГВт құрайды. Бұл келісім Қазақстанның ЖЭК дамыту және көміртегі шығарындыларын азайту жөніндегі стратегиялық бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Сондай-ақ қараша айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы бірқатар жобаларды іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Келісім шеңберінде жалпы қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр стансаларын салу жоспарлануда, бұл еліміздегі энергия көздерін әртараптандыру үшін маңызды қадам болмақ. ЖЭК объектілерін салу Қазақстанның энергетикалық теңгеріміндегі жасыл технологиялардың рөлін нығайтудағы негізгі кезең болады, бұл еліміздің орнықты дамуына және көміртегі ізін төмендетуге ықпал етеді.

Сонымен қатар Қазақстан Катардың қатысуымен жобаларды белсенді дамытуда. 20 наурызда Қызылорда облысында қуаты 1,1 ГВт бу-газ қондырғысы мен Абай облысында қуаты шамамен 350 МВт су электр стансасының құрылысын қосқанда, бірлескен жобаларды іске асыру туралы Катар мемлекетімен үкіметаралық келісімге қол қойылды. 17 сәуірде Ресей Федерациясымен тағы бір Үкіметаралық келісімге қол қойылды, ол Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жиынтық қуаты шамамен 1 ГВт болатын үш жылу электр орталығын салу жөніндегі жобаларды іске асыруды көздейді. Бұл ЖЭО еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін жақсарта отырып, Қазақстанның түрлі өңірлерінде сенімді энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етеді.

Көлік инфрақұрылымы: маңызды нысандарды дамыту

2024 жыл Қазақстанның көлік инфрақұрылымын жөндеу, реконструкциялау және салу жөніндегі ауқымды жобаларды іске асырудағы маңызды кезең болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмысы басталды, оның 7 мың шақырымы жыл соңына дейін аяқталады.

Еліміздің негізгі өңірлері мен халықаралық көлік бағыттарын байланыстыратын төрт маңызды автожол дәлізін реконструкциялаудың аяқталуы жылдың басты жетістіктері ішінде ерекше көзге түседі.

  • Еліміздің орталық және оңтүстік өңірлерін байланыстыратын маңызды буын саналатын Қарағанды – Алматы (879 км) автожолын ресонструкциялау аяқталды;
  • Қазақстанның шығысы мен оңтүстігі арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз ететін Талдықорған – Өскемен (768 км) тас жолын рекнострукциялау аяқталды;
  • Батыс Қазақстанда көлік қатынасын жақсартуға ықпал ететін Ақтөбе – Қандыағаш (96 км) учаскесінде жұмыстар аяқталды;
  • Қазақстанды Ресеймен байланыстыратын Атырау – Астрахан (212 км) автомобиль жолын реконструкциялаудың аяқталуы арқылы халықаралық көлік дәлізінің дамуына үлес қосылды.

Жалпы, 2024 жылы жол құрылысының басқа салаларында да айтарлықтай прогреске қол жеткізілді. Жөндеу және реконструкциялау жұмыстары күрделі және орташа жөндеулерді, сондай-ақ жергілікті маңызы бар жолдардағы жұмыстарды қосқанда, 7,5 мың шақырымнан астам жолды қамтыды.

Темір жол көлігі саласында магистралды теміржол желісін жөндеу жұмыстары жалғасуда, 2024 жылы 1401 шақырымға жөндеу жүргізілді (оның ішінде күрделі жөндеу – 570 км, компоненттік жөндеу – 187 км және алдын ала жоспарлы жөндеу – 644 км).

Сонымен қатар биыл 143 жолаушылар вагоны, 185 локомотив және 1,5 мың жүк вагоны жаңартылды. 2024 жылдың 10 айында Қазақстанға жаңа 113 жолаушылар вагоны жеткізілді, ал жыл соңына дейін тағы 30 вагон жеткізіледі деп күтілуде. Бұл теміржолдардағы жайлылық пен қауіпсіздікті айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ жолаушылар тасымалының өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.

2024 жылғы 11 айдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен 19,2 млн жолаушы және 390,5 млн тонна жүк тасымалданды. Жолаушылар тасымалы 2023 жылмен салыстырғанда 5,5%-ға өсті. Бұл теміржол қызметтеріне деген сенімнің артқанын көрсетеді.

2024 жылы туристік сегментті дамыту мақсатында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» жаңа бағыты іске қосылды. Ол туристерді тартуға және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени алмасуды популяризациялауға ықпал етеді. Барлық экскурсияны кәсіби гидтер жүргізеді, ал жолаушылардың жайлылығы үшін заманауи автобустар қарастырылған. Бұл жоба ішкі және халықаралық туризмді дамытудағы, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды ынталандырудағы маңызды қадам болды.

Өткізу қабілетін арттыру және жүк тасымалы үшін жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың шақырым болатын төрт ірі теміржол жобасының құрылысы жалғасуда.

Олардың ішінде:

● «Достық – Мойынты» (жұмыстар 75% аяқталды);

● «Алматы айналма желісі»;

● «Дарбаза – Мақтаарал»;

● «Бақты – Аягөз».

Аталған жобалар ішкі теміржол қатынасын дамытуға және еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған. Бұл тауар тасымалдау және логистикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие.

2024 жылы елімізде теңіз инфрақұрылымы айтарлықтай нығайды. Ақтау портында жылына 300 мың ЖФБ өткізу қабілеті бар контейнерлік хаб салынуда. Құрық портында жаңа астық терминалы мен «Саржа» көпфункционалды терминалының құрылысы басталды. Бұл, өз кезегінде, транзиттік әлеуетті кеңейтіп, Қазақстан порттарының өткізу қабілетін жылына 30 млн тоннаға дейін арттыруды қамтамасыз етеді. Бұл жобалардың барлығы мультимодальды логистиканы айтарлықтай жақсартып, дәліздің барлық қатысушыларының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етуге көмектеседі.

Жылына 1 млн тонна қуаттылығы бар жаңа астық терминалының ашылуы Қазақстанда транзит пен логистиканы дамытудағы маңызды оқиға болды. Жоба аясында бір уақытта 28 мың тонна астық сақтауға мүмкіндік беретін 18 силос салынды. Терминалдың конвейерлерінің өнімділігі сағатына 300 тонна. Бұл терминал астық экспортын, оның ішінде Қазақстан – Иран бағыты және Кавказ аймағы елдеріне жеткізу көлемін арттыруды қамтамасыз етеді. Жоба логистикалық инфрақұрылымның маңызды элементіне айналып, Қазақстанның сыртқы саудасын кеңейтуге ықпал етеді деп күтілуде.

2024 жылы Қазақстан әуе көлігін дамытуда маңызды қадамдар жасады. Алматы мен Қызылорда әуежайларында жаңа жолаушылар терминалдары пайдалануға берілді. Алматыдағы терминалдың өткізу қабілеті 6 есе артты (жылына 2,5 млн-нан 14 млн жолаушыға дейін), ал Қызылордада 7 есе өсті (жылына 300 мыңнан 2 млн жолаушыға дейін).

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Шымкент қаласы әуежайында жаңа терминалды іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өткізу қабілетін 7,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Айта кету керек, бұл инфрақұрылымдық жобалар жалпы сомасы 150 млрд теңгеден асатын жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылды.

Биыл еліміздегі 8 әуежайда күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қарағанды, Жезқазған, Ақтау және Павлодар әуежайларындағы ұшу-қону жолақтары жөнделді, сондай-ақ Балқаш қаласы әуежайында рулеж жолы мен перрон реконструкцияланды.

Аталған жұмыстар ұшу рейстерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Сонымен қатар жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап, еліміздің туристік және іскерлік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

2024 жылы ірі инфрақұрылымдық бірқатар жоба аяқталды:

● Шақпақ баба асуындағы туннельдің құрылысы. Бұл жыл бойы қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етіп, Қазақстанның оңтүстік аймақтары арасындағы көлік қатынасын айтарлықтай жақсартты.

● Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір Шығыс Қазақстан үшін стратегиялық маңызды нысанға айналып, өңірдегі елді мекендер арасындағы сенімді қатынасты қамтамасыз етті.

● Шамалған стансасындағы жолайырығы теміржол мен автомобиль көлігінің қиылысын алып тастауға мүмкіндік беріп, қозғалыс қауіпсіздігін арттырды.

ТХКБ өсуі және дамуы

Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) тұрақты өсуді жалғастырып келеді. Өткізу қабілеті жылына 6 млн тоннаға, оның ішінде 100 мың ЖФБ контейнерлік тасымалдарға дейін ұлғаюда. 2024 жылдың 11 айында жүк тасымалының көлемі 63%-ға өсіп, 4,1 млн тоннаға жетті, ал контейнерлік тасымалдар 2,6 есеге артып, 50,5 мың ЖФБ құрады. Бұл көрсеткіштер бағыттың айтарлықтай өскенін дәлелдейді.

2024 жылы Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру орталығы іске қосылды. Ол инфрақұрылымды дамытуға және бағыттың функционалын кеңейтуге бағытталған. Жаңа платформа ТХКБ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жұмыс істейтін болады. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу мерзімін 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қытай сияқты негізгі елдер мен компаниялар белсенді қатысуда. Бұл ТХКБ-ның жаһандық сауда үшін маңыздылығын айқындайды.

Өткізу қабілетін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде.

Интеллектуалды көлік жүйелері

Бүгінгі күні Қазақстанда 450 мыңнан астам жүк автокөлігі тіркелген, олар күнелікті ел аумағы бойынша жүк тасымалдайды. Бұл көлік құралдары, әсіресе олардың салмақтық және көлемдік сипаттамаларын ескере отырып, жол жамылғысының жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Көлік жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және автожолдарға артық жүктемені болдырмау үшін ауыр салмақты көліктердің салмағы мен өлшемдерін тиімді бақылау қажет.

Аталған мәселелерді шешу мақсатында 2025 жылға дейін 220 автоматтандырылған өлшеу стансасын (АӨС) орнату жоспарлануда. Стансалар тәулік бойы жұмыс істейді және автокөлік құралдарының салмағы мен өлшемдерін үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл көлік ағынын тиімді бақылауға, шамадан тыс жүктемелердің алдын алуға және республикалық жолдардың қалыпты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта елде 45 АӨС орнатылған, олардың ішінде:

● 25 станса «ҚазАвтоЖол» АҚ орнатылған;

● 7 — Астанада;

● 1 — Қостанай облысында;

● 12 — Үлкен Алматы айналма автожолында (ҮАААЖ) орналасқан.

Бұл стансалар ауыр автокөлік құралдарының қозғалысын бақылауға және салмақ-габариттік нормалардың бұзылуын нақты уақыт режимінде тіркеуге мүмкіндік береді. Бұл жұмыс тиімділігін едәуір арттырып, адами факторды азайтады.

Қазақстанда бақылау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін қозғалыс барысында автокөлік құралдарын автоматты түрде өлшеуге арналған «Сергек» қағидатын енгізу жоспарланып отыр.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекске өзгерістер енгізілді. Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі процессинг орталығымен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Бұл әкімшілік процестерді толық автоматтандыруға, оларды барынша ашық әрі жылдам жүргізуге мүмкіндік береді.

Басқа жаңалықтар