Әлеумет

Ауылдың тазалығы

Тұрғындар түгел жұмылса, жемісті болады.

Қар кетіп жер аяғы кеңісімен жылда осындай уақытта тазалық айлығы басталады. Биыл да ауданымызды қыстан шыққан күл-қоқыстан тазарту, үйінділерден арылтып, қырып тегістеу секілді жұмыстар енді күн тәртібінен түспейді. Елді-мекен аумақтарын көгалдандыру, санитарлық тазалық және абаттандыру мақсатында үш айлық іс-шаралар жоспары бекітілді.

Селолық округ әкімдерінің бұл науқанға байланысты екі күнге  созылған есеп беру жиыны өтіп, аудан әкімі Бұлбұл Бисембайқызы тазалық айлығын ұйымдастыруға, тұрғындарға түсінік жұмыстарын жүргізіп, әрбір үйді жұмылдыруға нақты тапсырмалар берді. Биыл аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Таңат Нұрымгереевтің  мәлімдеуінше елді мекендер аумағындағы күл-қоқыстарды тазарту 680 тоннаға, ал көшелерді, қоғамдық орындарды, аулаларды қалдықтардан тазарту және белгіленген орындарға шығару 200 тоннаға жоспарланды. Ауданымызда 13 демалыс орындары (Парк, скверлер, алаңдар) абаттандырылуы тиіс. Халықтың күнделікті қажеттіліктерінің бірі жол. Ал, аудан орталығы мен ауылдардың жолдары сын көтермейді. Сол үшін бірінші кезекте қолда бар техникамен округтерге қатынайтын тас жолдардың үстін қырып-тегістеу жұмыстары басталады. 120 шақырым автомобиль жолдарын қалыпқа келтіріп, 25 шақырым өзен, су жағалауын қалдықтардан тазарту басты міндет. Ауылдың, ауданның келбеті осындай тазалық жұмыстарымен ажарланады. Ортақ шаруаға әрбір тұрғын, әрбір үй, әрбір мекеме атсалысуы керек.Себебі, ауылдың тазалығы — сенің тазалығың! Тазалық айлығына орай түрлі акциялар ұйымдастырылып, оған 62 мекеме мен 1570 тұрғын қатысу көзделіп отыр. Ал көгалдандыру мақсатында 7445 бес түп тал отырғызылады. Сондай –ақ гүл, газондар отырғызу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге аспақ. Осындай ауқымды науқанға 19 техника түрі жұмылдырылмақ.

Басқа жаңалықтар