Әлеумет

Мерекелік жәрмеңке мал азығына қарқ қылды

Жұма күні Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай аудан орталығында мерекелік ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде тұрғындардың негізгі сұранысы ескеріліп, мал азығын әкелуге маңыз берілді. Яғни, барлығы 15 шаруашылық 50 рулон мен 4500 тюк әкелсе, «Қараой» шаруа қожалығы 20 тонна арпаны арзан бағамен сатты. Ал, күздің ызғары сезілгесін, қызылсырап, ет іздегендерді «Мұрагер» шаруа қожалығының семіз сиырының еті еріксіз тартты. Жәрмеңкеге келгендердің назарын аударған 20 тоқты да иелерін тез тапты.
Сонымен қатар, сүт өнімдерін сатушылардың да саудасы қызды. Бақша өнімдерін алуға асыққандар да аз емес. Ойылдық бағбандар 3 тоннаға жуық көз тартар күздің кереметін ұсынды. Ал, сахнадан төгілген ән мен арнайы дастарханнан ұсынылған ыстық шәй жәрмеңкеге келгендерге күздің лебін сездірмей, көңілдерін сергітті.

С.ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар