ӘкімдікБасты тақырып

«Айбарлы арқар елді асқақтатар –Ата заң» атты салтанатты шара өтті

Қазақстан Республикасының 25 жылдық мерей тойына орай «Айбарлы арқар елді асқақтатар –Ата Заң» атты салтанатты шара өтті. Биыл Ата Заңға 25 жыл толып отыр. Еліміз осы уақыт ішінде әр түрлі діни, саяси және экономикалық түйіткілдердің оң шешімін тауып, талай сындарлы жолдардан сүрінбей өтті. Ата Заңымыз қоғам мен мемлекеттің берік діңгегі. Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы адам және адам өмірі құқықтары мен бостандықтары болып табылады. Ата Заңымызда белгіленген қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындау арқылы еліміз қысқа мерзім ішінде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігіміздің тұғырын биік етті. Салтанатты мерекелік шарада алғашқы құттықтау сөзі аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлына берілді. Аудан әкімі барша жиылған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап ыстық лебізін жолдады. Сонымен қатар Ойыл аудандық мәслихатының 2020 жылғы 13 наурыздағы №383-ші шешімімен «Ойыл ауданының Құрметті азаматы» атағымен және 75 мерейтойлық аудан әкімінің құттықтау хатымен Ақтөбе облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, облыстық тұқым инспекциясының бастығы, «Ақтөбе-полис» сақтандыру қоғамы тұтыну кооперативінің төрағасы сынды қызметтерді абыроймен атқарғаны үшін Қуаныш Нұршин марапатталды. Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы еңбегі сіңген аудан азаматының иығына шапан жауып құттықтау сөзін арнады. Одан бөлек «Ойыл ауданның Құрметті азаматы» атағымен медицина ғылымдарының докторы, профессор, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің хирургия кафедрасының меңгерушісі, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жерлестеріне тегін ота жасап, ауданның денсаулық сақтау саласына қосқан зор үлесі үшін Базылбек Сағидоллаұлы марапатталды. Ауданымыздың өркендеп өсуіне өз үлестерін қосып жүрген, өңірімізге еңбегі сіңген бір топ тұлғаларға мерейлі мерекеде арнайы марапаттар мен «Қазақстан халық Ассамблеясының 25 жыл» мерекелік медалдары табысталды. Шара соңында «Ойыл ауданының Құрметті азаматтары» Базылбек Сағидоллаұлы мен Қуаныш Нұршин қазақ елін айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілектерін білдірді.
Ата Заң тәуелсіздігіміз бен тұтастығымыздың кепілі ретінде біздің бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болды. Осы уақыт ішінде ауданымыз үшін талмай еңбек етіп, маңдай терлерін төккен азаматтарды арнайы марапаттарымен құттықтаймыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай.

Венера АСҚАРҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар