Басты тақырып

«Ынтымағы жарасқан- қазақ елі»

«Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанған ел үшін Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесінің орны ерекше. Жыл сайын осы күні елімізді ортақ Отаным деп білетін ұлыстар мен ұлттар Қазақстан атты киелі шаңырақта тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандарын атап өтіп, жасампаз дәстүрді жаңғырта түседі. Сол дәстүр биыл да жалғасын тапты. Үш күн бұрын ғана өткен Қазақстан халқының Ассамблеясында сөйлеген сөзінде Президентіміз ел ішіндегі мызғымас татулықтың маңыздылығын атап өтті. Тарихтың сан қилы сын сағаттарында қазақ жерін паналап келген көптеген ұлт өкілдері бүгінде бір үйдің баласындай туыс-бауыр болды.

Жалпы тарихқа шегініс жасасақ, 1995 жылдың 18 қазанында ел Президентінің жарлығы бойынша 1- мамыр Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланды. Сөйтіп, бұл мейрам Тәуелсіз Қазақстанда 1996 жылдан бастап тойланып келеді.

Өткен аптада орталық саябақта «Ынтымағы жарасқан — қазақ елі» атты мәдени көпшілік шара өтті. Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Асқар Қазыбаев Қазақстан халқы бірлігі күнімен барша ойылдықтарды құттықтап, жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар бірлік күнімен тұспа-тұс келген мерейтой иелерін және ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында өзіндік үлестерін қосып келе жатқан бірқатар жандарға алғыс хаттар табыстады. Тарқатып айтсақ, ауданның құрметті азаматы, еңбек ардагері Тыныштыбай Шалабаев ақсақалды мерейлі 80 жасымен, ауданның экономикасының дамуына зор үлес қосқан Ойыл аудандық қаржы және экономика бөлімінің басшысы Қайнар Ұлықпанов зейнеткерлік жасқа толуына орай «Ойыл ауданының 100 жылдығы» медалімен марапатталды. Ауданның қоғамдық –мәдени іс-шараларына белсене қатысқаны үшін «Ардагер» қызығушылық клубының мүшелері Амантай Қосжанов пен Минамен Нұғымановтар марапатталса, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтар мен тәрбиені нығайтуға қосқан зор үлесі үшін Ғалия Шаймақова мен Гүлжан Зәбирова, ауданда ұлтаралық татулықпен достықты нығайтудағы қажырлы еңбегі үшін Надежда Голикова, Алла Дурмановаларға алғыс хат берілді. Сонымен қатар су тасқыны кезіндегі көрсеткен еңбегі үшін төтенше жағдайлардың алдын алудағы елеулі еңбегі үшін ерікті жас Мейірбек Ажмұратов, Бердібек Сенғалиев, Сәкен Құлекешовтерге аудан әкімінің алғыс хаты табысталды.

Келесі кезекте мерекелік шара әр ұлттың әндерімен жалғасып, тұрғындар «Халықтар достығы дастарханы» ұсынған дәмнен ауыз тиді. Шеру соңы жергілікті өнер­паз­дар­дың концертіне ұлас­ты, кон­цертпен бір мезгілде ұйым­дас­тырыл­ған жәрмеңке­лер мереке көрігін қыз­­дырды.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар