ӘлеуметБасты тақырып

«Анаға құрмет» Ақжарма тілекпен үндесті

Жуырда 8 наурыз Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында  «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында «Сарқылмайтын жылылық, Ана аты ұлылық!» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік шара көпбалалы аналар мен Тылда еңбек еткен ақ жаулықты аналарға арналды. Ақ дастархан басында ақжарма тілектері мен ыстық лебіздерін білдірген ақ жаулықты аналар керемет көңіл күймен кешті қыздыра түсті. Көктемнің нұрын төккен шұғылалы күніндей жүрегі мейірімге толы аналарға мерекелік сыйлықтар табысталды.
Өнерпаз жігіттер домбыраның шанағынан әсем әндерін төксе, аналарымызда ән айтып мерекеге ерекше үн қосты. Айтулы шараға арнайы қатысқан аудан басшысы Асқар Қазыбаев барша аналарды шырайлы көктемнің алғашқы күндерімен қатар келетін 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Расында тәуелсіз еліміздің нығайып, әлем таныған елге айналуына аяулы аналарымыздың, асыл аруларымыздың өлшеусіз үлес қосып келеді. Сондықтан отбасында көп бала тәрбиелеп отырған көп балалы батыр аналар мен ел басына күн туған шақта білек сыбана қара жұмыстың майданында тер төккен ақ жаулықты әжелерге құрмет көрсету мұнымен шектелмеуі тиіс.
Біз үшін, яғни жұмыр жердегі жұмыр басты әр пенде үшін осындай көркем мерекенің орны бөлек. Өйткені аналарға деген ыстық сезім мен шексіз алғыс та ешқашан сөнген емес. Біздің айтпағымыз тек мереке кезінде емес, асыл аналарымыздың әрқашанда өмірдің гүлі, көңілдің жыры, отбасымыздың алтын діңгегі екенін ұмытпайық, ұрпаққа ұлықтайық…

Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар