Әлеумет

Алимент төлемеу – заңға қарсы келу

Отбасының басты қазығы, алтын діңгегі – бала. Баланың толық жанұяда өсуіне берекелі отбасының алар орны ерекше.

Алайда, бүгінгі күні отбасының шырқы бұзылып, некедегілердің ажырасулары азаяр емес.

Сондықтан, ата-аналар мен балалардың арасында туындайтын ең өткір сұрақтардың бірі – алимент төлеу.

Алимент – «Неке және отбасы туралы» кодексіне сай, бір адамның оны алуға құқығы бар басқа адамға ұсынылатын міндетті ақшалай немесе материалдық асырау қаражаты. Бұл – заң жүзінде бекітілген төлем.

«Алимент» деп көп жағдайда тек ажырасқан әкенің өз баласына төлеуге міндетті ақысын айтамыз. Алайда, бұл төлем тек әкеге ғана емес, сонымен қатар анаға да жүктелетін міндет.

Бұл төлем ай сайын ата-анасының еңбекақысынан немесе өзге де табысынан заңмен белгіленген мөлшерде төленуі тиіс. Жұмыс істемейтін борышкердің төлеуге міндетті алимент мөлшері белгіленген орта жалақы мөлшерімен есептеледі.

Аудан аумағына бекітілген жеке сот орындаушысының өндірісінде қазіргі таңда алимент өндіруге қатысты 78 атқару құжаты болатын болса,  оның ішінде 65 атқару құжаты мерзімді орындалуда. Жеке сот орындаушысымен борышкердің мүлкінен, оның ішінде автокөлікті сату арқылы да атқару құжаттарын орындау дерегі бар.

Жалпы, алимент төлеуден жалтарған ата-анаға Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабында көзделген әкімшілік жауапкершілік, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексінің 139- 140-баптары бойынша қылмыстық жауапкершілік қаралған.

Сондықтан, ата-аналардың табыстары және мүліктері болып, оны жасырған жағдайда күшпен мәжбүрлеп алу қолданылуы немесе алимент төлеуден қасақана жалтарғаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Егер борышкер өзінің санасында баласының болашағы мен денсаулығына деген жауапкершілікті сезінбесе, ол адамнан алимент өндіру кезінде қиындық тудыратыны сөзсіз.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта жұмыссыз қалған борышкерлерге мемлекет тарапынан да үлкен қолдау жасалып, оларды жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастыру мүмкіндігі бар. Алиментін уақытылы төлеуге ниетті тұлғаларға бұл – жақсы мүмкіндік.

Сол себепті, «борышкер» ата-ана заң талаптарын бұзар болса, оған жауапкершілік қаралғанын мойындап, өздерінің құқықтары мен міндеттерін біле жүруі тиіс.

Ойыл ауданының прокуратурасы

Басқа жаңалықтар