Әлеумет

Еске алу турнирі ауданның алғашқы кәсіпкеріне арналды

Атам қазақ, «Жігіттің жақсысын саудадан көр, аттың жақсысын арбадан көр» - депті. Сол айтқандай, еліміз Тәуелсіздік алғанда жұрт абдырап, қолдары алдарына сыймай, «екі қолға бір күрек таппай» кеткен күнде, Ойылда Нұрлыбек Есқалиев қазіргі тілмен айтқанда, кәсіпкерлікке алғаш қадам басқан азамат.

Рас, әуелгі түсінік бойынша аталарымыздың жоғарыдағыдай тұжырымы болса да, ер адамның сауда жасап тұрғанын ерсі көргеніміз рас. Бірақ, арланбаған азамат дорбалап, арбалап зат тасып, халыққа қызметін ұсынды. Әуелі шағын киоск ашты, кейін кеңітіп, селоның қақ ортасындағы бос тұрған ғимаратты сатып алып, дүкен ашты. Ісін жүргізуге үйдегі жұбайы Зинаның да септігі тигенін көзіміз көрді. Жасынан іске бейім оңтүстіктің қызы Зина есеппен еншісін арттырып, халықтың мұқтажын тап басып, табыстың көзіне ұмтылды. Әттең, осындай азаматтың ғұмыры қысқа болды. Небәрі 31 жасында «құйрықты жұлдыздай жарқ етті». Бірақ, ісін інісі жалғастырып кетті. «Орнында бар оңалар» дегендей, бүгінде ат жалын тартып мінген екі ұлы өткен сенбіде туған жерлеріне тағзым етіп, әкелеріне ас берді. Ердің жасы елуге толған әкелерін еске алды. Тек кейбіреулер сияқты дәулетін аста-төк дастарханмен дәлелдеген жоқ. Екі күн бойы Ойылды дүбірге бөлеп, жүлде қоры 1 миллион теңгелік волейболдан облыстық турнир өткізді. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Дастан Сағыров пен еңбек ардагері Ғазиз Займолдаұлы, Нұрлыбектің ағасы Нұржан Есқалиевтар ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, жарыстығң жоғары деңгейде өтуіне тілектестіктерін білдірді.

Солай болды да. Әп дегеннен жарыстың шымылдығын Ойылдың бас командасы мен негізінен кәнігі волейболшылардан жасақталған «Нұрлыбек» командасының тартыстыойыны көрермендердің шын көңілінен шықты. Жерлестеріміз намысқа тырысты. Екі күн бойы сегіз команда ала допты алақанда ойнатап, турнирдің деңгейін дәлелдеді. Нәтижесінде, үшінші орын үшін тігілген 200 мың теңге «Нұрлыбек» командасына бұйырса, финалдық кездесуде Ойылдың бас командасына төтеп бере алмаған Алға ауданының волейболшылары екінші жүлде – 300 мың теңгеге ие болды. Бас жүлде – 500 мың теңге ойылдықтардың еншісіне тиді.

Басқа жаңалықтар