ӘлеуметМәдениет

«Ән шалқыған нұр — Көкжар»

Облыс орталығындағы аудан күнінің алғашқы күні Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрында Ойыл халық театры тарту еткен «Арылу» спектаклімен бірге ойылдық өнерпаздар ұсынған «Ән шалқыған нұр — Көкжар» атты мерекелік концертпен аяқталды. Театрдың көрермен залын өңірімізден түлеп ұшқан жерлестеріміз, ауданның құрметті азаматтары, облыстық басқарма басшылары мен еңбек ардагерлері және қала тұрғындары толтырды. Олардың арасында Нұрлыбек Қалауов, Идош Асқар, Жолдыбай Айтқұлов сынды атақты ақын-жазушы ағаларымыз да болды. Облыс орталығындағы, тіпті ауданның айтулы мерекелеріне дейін жанашырлықпен атсалысып жүретін бұл ағаларымыз Ойыл халық театрының өнерлі «оғландарына» оң бағасын берді.

Өнердің өр шыңына шыққан шабытты шайырларымыздың берген шын бағасы Ойыл халық театрының уақытпен бірге қарыштап келе жатқандығын айқындап тұрды. Расында бастауы тым ертеде жатқан атаулы театрдың режиссері Ерболат Есенбекұлымен бірге театр актерлерінің еңбегі орасан. Әуесқой актерлардың өзі әр кейіпкерді шебер сомдайды. Соның арқасында болар біздің театр өңіріміздегі үздіктердің алдыңғы қатарында. Оны бүгінгі аудан күні аясында да тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазіргі қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлық туралы спектакль бүгінгі күннің бүкпесіз шындығын айқын бейнеледі. Бір жағынан ондай кеселдің одан сайын өрбіп кетпесі үшін көпшіліктің көңіліне оймақтай болса да ой салды. Әсіресе, Серік Таңатаров, Жайнагүл Махметова, Алтынбек Шотов, Сансызбай Нұржановтар сомдаған ролдер ащы да болса шындықты айна қатесіз жеткізді. Осындай қоғам болып күресетін ғасыр дертін сахнада шебер орындаған спектакльмен бірге әуелеген әуезді әннен рухани әсер алған қалың көрермен барлық өнерпаздарды орындарынан тұрып, қызу қошеметке бөледі. Туған жердің тума таланттарының өрелі өнеріне тәнті болған ауылдастар сол күні арқа-жарқа болып тарасты. Осылайша алғашқы күннің тартуы талайды таң қалдырды.

P.S. Атап өтсек, спектакль соңында Ойылдан шыққан танымал тұлғалар мен туған жердің тау-тасының атаулары бойынша сұрақтар қойылып, сергіту ойындары ұйымдастырылды. Әрбір сұраққа дұрыс жауап берген көрермендерге Ойылдың тары өнімдері тарту етілді.

Басқа жаңалықтар