Мәдениет
«Соңғы қоңырау» — бала шақтан болашаққа жолдама
Өткен апта еліміздің барлық өңірдегідей біздің ауданының да білім ордаларында соңғы қоңырау салтанаты өтті. Жүректерге қуаныш-шаттықпен қоса қимастық сезім сыйлаған шарада жас түлектерге ыстық ықылас пен ақ тілектер ақтарылды.
Қайыңды ауылдық округіндегі Саға мектеп- балабақшасында «Сыңғырла, соңғы қоңырау!» салтанатты жиыны жылдағы дәстүрден өзгеше өтті. Салтанатты шараға арнайы барған аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев пен аудандық білім бөлімінің әдіскері Сағида Досымбаева алтын ұядан қанат қаққалы тұрған түлектердің қадамына сәт-сапар тіледі. Саға мектеп-балабақшасының директоры Тұрлан Дүйсенғалиев үстіміздегі оқу жылының мектеп үшін табысты өткендігін айтып, сол үрдістің жалғаса береріне сенім білдіріп, жыл қорытындысы бойынша оқу жылының озаттарын мақтау қағаздарымен марапаттады. Сонымен қатар білім саласындағы жетістіктері үшін бірқатар мұғалімдерге Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табыстады.
Сондай-ақ соңғы қоңырау салтанаты осыдан 40, 30, 25, 20 жыл бұрын бітірген түлектердің жүрегіне де айрықша қуаныш сыйлады. Еліміздің әр түкпірінен келіп, туған мектебіне тағзым етіп, балалық шақтарын еске түсірді. Бақилық болған ұстаздарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Осы мектепті 40 жыл бұрын бітірген түлектердің атынан сөз алған Моншақ Қарағойшина жиналғандарды мерекемен құттықтап, сынып жетекшілеріне сыйлығын ұсынса, 30 жыл бұрын түлеп ұшқан түлектер Райымбек Құрманғазин, Анар Есенғазина мектеп кездердегі естеліктерімен бөлісіп, мектеп басшысына өз сыйлықтарын тапсырды. Ал, 25 жыл бұрын осы мектепті бітірген түлектердің атынан қалалық «Феникс» емханасының мейірбикесі Айымгүл Меңдіғалиева жүрекжарды тілегін білдірді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл-Қайыңды-Ойыл.