Рухани жаңғыруЭкономика

«100 ЖҰМЫСШЫ ЖАС» ЖОБАСЫ:ЕҢБЕККЕ ҚҰРМЕТ ЖӘНЕ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР

Ойыл аудандық жастар ресурстық орталығы «100 жұмысшы жас» жобасын іске қосты. Бұл бастама Президентіміздің 2025 жылды «Жұмысшы мамандығы жылы» деп жариялауына орай қолға алынған.

Жоба аясында еңбек адамының мәртебесін көтеру, жас ұрпаққа жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын түсіндіру және қолөнер шеберлерінің тәжірибесін насихаттау көзделген.
Қоғамда аса танымал болмағанымен, тікелей халыққа қызмет ететін мамандықтардың бірі – етікшілік. Бұл кәсіпке қызығушылық танытқандар үшін үлгі боларлық жан –Оңғар Жақсыбаев.
Ол етікшілікті бала кезінен меңгеріп, бүгінде нағыз шеберге айналған. Оңғар Орынбасарұлы маусымдық сұраныстарды ескере отырып, қыс мезгілінде байпақтарды жөндесе, жаз-күз айларында етіктерді жамап, желімдеп, табан ауыстырумен айналысады.
Аяқ киім тігу – тек етікші ғана емес, бірнеше мамандықты қатар игеруді талап ететін күрделі өнер. Шебер бұл кәсіпте жетістікке жету үшін дизайнерлік, тігіншілік және қалыпқа тарту шеберлігін меңгерген. Осы үш бағытты толық игерген ол бүгінде аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді қызмет көрсетуде.
«Ерінбеген етікші болады» деген халық даналығы дәл осы кәсіп иесіне сай келеді. «100 жұмысшы жас» жобасы аясында Оңғар сынды мамандардың еңбегі дәріптеліп, жастарға еңбекқорлықтың маңызын түсіндіру көзделген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама өңірде жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылықты арттырып, олардың беделін көтеруге ықпал етпек. Жоба еңбек адамын құрметтеуге, жастарды кәсіпке баулуға және жұмысшы мамандықтарын кеңінен насихаттауға өз үлесін қосатыны сөзсіз.

Related Articles

Back to top button