Рухани жаңғыруЭкономика

Отан үшін от кешкендер ұмытылмайды!

Жақында аудан орталығында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Ер есімі – ел есінде» жалпы республикалық акция аясында «Отан үшін от кешкендер» тақырыбындағы танымдық шарасы болып өтті. Бұдан 80 жыл бұрын ата-бабаларымыз майданда соғысып, тылда еңбек етіп, жеңіс үшін бар күш жігерін салды. 2 миллионға жуық қазақстандық соғысқа аттанып, олардың жартысына жуығы оралмай, жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосып кетті.

Қобда арқылы соғысқа кеткен 3000-ға жуық ойылдық жауынгерлердің 858-і елге оралмай өзге жерде қаза тапты. Қанды сұрапыл соғыс тырнағын тигізбеген, ажал ауызын ашпаған отбасы болмады, бірінің әкесі, бірінің бауыры соғыстан қайтпай, артынан қаралы хабарлы қағаздар келгендер, тіпті хабар-ошарсыз кеткендер қаншама. Бірқатарының құпиясы әлі құлыптаулы. Қазіргі таңда соғыс ардагерлерінің ерліктерін, тарихын насихаттауда тарихи деректер баршылық. Дегенмен де ауылдан аман кеткен азаматтарымыздың сұрапыл соғыс соқпағындағы тағдырларындағы ақтаңдақтары да жоқ емес. Олар туралы мәліметтерді мемлекетіміз, өлкетанушылар мен зерттеушілер, ұрпақтары үміттерін үзбей түрлі деңгейдегі архивтерден іздестіруде. Сондай-ақ соңғы жылдары Ресейде тұратын Олег Ярошенко мен жерлесіміз «Ойыл ауданының құрметті азаматы» Нұрлан Жұмағалиевтің архивтерді аралап, қорларынан алынған құжаттарымен дәлелді жазбалары кірістірілген «Ойыл» соғыс жылдары кітабы мен «Ойыл» кітабының 1-2 том жинақтарын шығарылды, деректер әлі де жинақталуда.
Музей ұжымы да облыстық, аудандық архивтерден белгісіз кеткен соғыс ардагерлерінің тарихын түгендеп, жинақтап, қорды толықтыруға өлшеусіз үлес қосты.
Осы салалардың қызметкер-лерінің тынымсыз ізденістері мен ерекше еңбегі, орасан зор жауапкершілігі арқасында сақталып, табылған сарғайған әрбір парақ пен көне суреттер, хаттар, бейнебаяндар сарбаздар туралы талай сырларды бүгінгі күнге жеткізіп, жақын жандарының жадын жаңғыртуда. Осы орайда Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тану музейінің Қобда, Ойыл аудандарының мемлекеттік архиві, аудандық қорғаныс істері бөлімімен бірлесіп арнайы ардагерлер мен жастарды қатыстырып өткізген осы бір шарасы — сарбаздардың сұм соғыстағы ерлігі, қайтпас қайсарлығы мен азаматтық тұлғасынан, Отанға, елге деген сүйіспеншілігінен үлгі алуға шақырып, қилы тағдырлары туралы ресми дәйектерді табуға, толықтыруға көмектесетін танымдық тәсіл болып табылды.
Шараға аудан тұрғындары, Отан үшін от кешкен азаматтардың ұрпақтары, орталықтағы колледж, мектептердің жоғары курс, сынып оқушылары шақырылды. Шарада музейдің, Қобда, Ойыл мемлекеттік архивтері мен қорғаныс бөлімінің ауданнан аттанған солдаттар туралы қойылған жәдігерлері мен құжаттарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмемен Ойыл музейінің директоры Б.Т.Рысбаева, Қобда филиалының директоры Б.Ж.Зейнекешова, Ойыл филиалының директоры А.Ш.Пангереев, Ойыл ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкері Л.Н.Демесинова таныстырып, жауынгерлердің жорық жолдарына тоқталып, олардың деректерін іздеу мен табу тәсілдері жайлы түсіндіріп өтті.
Фашизмнің ордасы Берлинге жетіп, Рейхстагқа ту тіккен капитан Неустроев басқарған батальон құрамында жерлесіміз Құлымжан Мамедовтың болғандығы, өз азаматымыз Николай Николаевич Оноприенконың Кеңес Одағының Батыры атағын алғандығы, Шүкіров Еркін Таңатарұлының «Даңқ» орденінің толық иегері болғаны, ардагер ұстаз Алтыбаев Ораз Алтыбайұлының ҰОС-да Карельск майданында взвод командирі, рота командирінің орынбасары, кейін контрразведка «Смерш» оперативтік өкілі болып 1946 жылы батыс Германиядан елге оралғандығы, басқа жүздеген жауынгерлердің ерлік еңбектері жоғары бағаланып, жерлестеріміз орден медальдармен марапатталғаны жайлы деректер келтірілді.
Сұрапыл соғыстың зардаптарын халық ешқашан да ұмытпайды.
Оның ауыр сабақтары, солдаттардың сан қилы тағдырлары біздің санамызға ұялап, қайталанбауы үшін қазіргі ұрпақтарды отан сүйгіштікке баулып, жарқын болашағымызды қорғауда қырағылыққа, ерлікке әрдайым дайын болуға шақырып тұрғандай. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл толуына орай да Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жеңіске үлес қосқан тыл еңбеккерлері және өзге де адамдар «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» бірыңғай мерекелік медалімен наградталатын болады.
Бағдарлама барысында ардагер ана Бақыт Жұмабекова, ардагерлер жайлы оқушылардың ғылыми жобасы бойынша Ойыл қазақ орта мектебінің мұғалімі Раушангүл Жазымова, Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінен тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Дүйсеғалиева, Ойыл кәсіптік колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Данагүл Майлыбаева батыр бабаларымыздың ерлігін ұлықтап, тарихын білу, сабақ алу – болашақ үшін жасаған ең үлкен игілікті іс болып табылатынын, әрбір ұрпақ өз аталарын ұмытпай, құрметтеп, ардақтау қажеттігіне тоқталып, өздерімен ала келген соғыс ардагерлері жөніндегі отбасылық құжаттарын сақтау үшін архивке табыстады. Аудандағы соғыс ардагерінің бірнеше ұрпағы Қобдадан келген құжаттардан өз аталарының деректерін тауып, ерекше қуанышқа бөленді. Патриоттыққа үндейтін әндермен өрілген бұл шараның көрнекіде тартымды, тағылымды өтуіне Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тану музейінің қызметкерлерінің, оның жүргізушісі директордың міндетін атқарушы, аға ғылыми қызметкері Д.Исабаевтың үздіксіз ізденгендері көрініп тұрды.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бақтыгереев Отан үшін от кешкен ешбір жан, ешнәрседе ұмытылмау үшін қатысушыларды олар жайлы деректерді іздеп, жинауға атсалысуға шақырды. Ауданның ардагерлері атынан танымдық шараны ұйымдастырушыларға алғыс айтты.
А.АЛТЫБАЙ,
Ойыл аудандық Қоғамдық Кеңестің мүшесі, аудандық ІІБ ардагерлері бастауыш ұйымының төрағасы.

Related Articles

Back to top button