Экономика

Өңірдің көлік-логистика саласы қарқынды дамып келеді

2024 жылы Ақтөбе облысында автомобиль көлігі қызметтерін 70 млн-нан астам жолаушы пайдаланған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 114%-ға жоғары көрсеткіш. Автомобиль көлігі өткен жылы жүк тасымалында да жетекші орынға ие болды. Жыл қорытындысы бойынша автомобиль көлігімен 36 млн тоннадан астам жүк тасымалданған. Мұндай деректерді өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Ақтөбе облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, көлiк кәсiпорындары мен тасымалдаушылар өз қызметiн коммерциялық негiзде жүзеге асырады.

«Мемлекет басшысының көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында өткен жылы облыста бірқатар шаралар атқарылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 66 автобус бағыты ұйымдастырылып, қызмет етуде. Оның ішінде – 47 қалалық, 12 облысішілік, 2 облысаралық, 5 халықаралық маршруттар. Жолаушыларды қалааралық облысішілік тұрақты тасымалдау 12 бағыт бойынша жүзеге асырылады. 2024 жылы мамыр айында Ақтөбе – Шұбарқұдық, маусым айында Ақтөбе-Кенкияк, тамыз айында Ақтөбе – Бадамша бағыттарына автобус қозғалысы ұйымдастырылды. Әлеуметтік маңызы бар 8 облысішілік бағыт бойынша автобус тасымалдарын субсидиялауға 341,1 млн. теңге бөлініп, 331,6 млн. теңге игерілді» — деді Айбек Қайыр.

Өңірдің көлік-логистика саласының бір тетігі – темір жол. Басқарма басшысының мәліметінше, 2024 жылы облыста теміржол көлігінің қызметтерін 1749,5 мың адам пайдаланып, темір жол көлігімен 37 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. Атап өту керек, өткен жылы «Ақтөбе-Шалқар» әлеуметтік маңызы бар теміржол бағыты ұйымдастырылды. Пойыз 7 вагоннан тұрады. Қатынау жиілігі – аптаның 1,3,5,6,7-күндері. Аталмыш бағыт тасымалдаушысының шығындарын субсидиялау үшін 2024 жылы облыстық бюджеттен 433,2 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда бұл пойыздағы билет құны облыстық бюджеттен субсидиялау нәтижесінде осы бағыттағы басқа жолаушылар тасымалдайтын поездарға қарағанда 55%-ға арзан. Бұл – Шалқар және Мұғалжар ауданының тұрғындарына тиімді жағдай жасау үшін жүзеге асырылған жоба.

Басқа жаңалықтар