Басты тақырыпЭкономика

АҚПАН СЫРЫН АЙТПАЙДЫ!

Қазақ халқының ай санау дәстүрінде әр айдың өзіне тән сипаты бар. Көшпелі халықтар ежелден бері ай мен күннің қас қабағын баға отырып, уақытты өлшеп, климаттық өзгерістерге сай тіршілік қамын сәйкестендіріп отырған. Жалпы әлем халқының қайсысында болмасын, жыл санау тәртібі он екі аймен өлшенеді. Мұндағы өзгешелік – түрлі факторлар мен таным-түсініктерге байланысты жыл басы болатын бірінші ай әртүрлі болуы мүмкін.

Ақпан айында өтетін амалдардың бірі – «Ақпан-Тоқпан». Ақпан-Тоқпан амалы туралы «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедияда былай деп анықтама берілген екен: «Ақпан-тоқпан амалы үштен – жеті күндік қатты суық амалдың екінші атауы, екі ағайынды»
Ақпан – қыстың үш айының ең соңғысы. «Ақпан» деген атаудың қайдан шыққаны туралы көптеген аңыздар бар. Жоғарыда аталған, ақпан айында келетін «Ақпан-Тоқпан» амалын қазақ «Ақпан-Тоқпан – алты күн, боранымен жеті күн» деп атаған. Расымен де қыс шілдесінің соңын ала келетін бұл амалда көбінесе қар жауып, жел тұрып, ақ дүлей қарлы бұрқасын болып, шаруа баққан малшы мен алдындағы малы үшін біршама қиындық тудырады. Кейбір жылдары «Ақпан-Тоқпан» амалы бұлтсыз шайдай ашық аспан астында тұнған сақылдаған сары аяз түрінде өтеді. Бұл да тіршілік иесіне оңай тимейді. Жалпы алғанда ақпан айы – алты ай қыстың қаһары нағыз кәріне мінетін кезең. Желтоқсанның жиырма үшінен бастап ұзарған күннің өлшемін қазақ «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым» деп шамалайды. Әрине, қарға адым мен ат адымның айырмасы біршама үлкен. Алайда ақпан айында күн біршама ұзара түскенімен, Жер-Ананы күннің шуағы әлі де болса жадыратып қыздыра қоймайды.
Ақпанның аяқталуы – көктемнің қыр астына келгені. Қазақ елінің Арқа, Алтай, Ақжайық бағытында алты ай қыстың мұрты бұзылмаған жағдайда болса, Алатаудың етегі мен Сыр бойында көктемнің алғашқы лебі білініп, қар астынан қарғалдақ гүлі жарып шығып, етектегі қар таудың бел ортасына қарай түріле түсіп, сай-саладан су аға бастайды.
Ақпан – ақ боранның анық күшіне еніп ойқастайтын айы. Ақпан айының соңы – көктем мен қыстың өзара арбасқан күресіне толы. Бірде ақ боранды шыңылтыр аяз, бірде жадыраған жайма-шуақ аралас ақпанның құбылмалы күн райын бағамдау да мүмкін емес-ау.
Ақпанның ақпан аталуы тіпті де бекер емес. Көктем жақындап қалды дегенімізбен, ақпан айында жердің топырағы қаңтарға қарағанда тағы да тереңірек қата түседі. Бұл – ақпан айында жер бетіне түсетін күн сәулесінің тоқсан пайыз бөлігі кері шағылысатындығына байланысты. Ақпанның қалың қары жер бетінің тоңазуын қаңтардағыдан да арттыра түскенімен, бұл шын мәнінде топырақ қабатындағы өсімдіктер мен жануар-жәндіктердің көктемге үсіп қалмай аман сақталып жетуі үшін аса маңызды.
Қазақ ай атауын табиғатпен, оның құбылыстарымен тікелей байланыстырып отырған. Қазекең табиғатқа жақын халық, соның «тілін» білген, сырын ұққан, керегін де, дерегін де содан алған.
Ақпан алдамшы. Бір бүйіріңді қыздырса, екінші бүйіріңді мұздатады. Бір қолымен маңдайдан сипап, екінші қолымен маңдайдан шертеді.
Ақпан тұрақсыз: кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауады. Оның бұрқасынды да, шуақты күндері алма-кезек. Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса, ақпанда түнде, таң алдында соғады. «Жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт» айы. Амал кезінде бұрынғылар «Жылқы сауырынан, сиыр бауырынан» дейді қазақы пайым.
Р. S. Өткен жексенбі жылымық болып, кешке тамылжып тұрғанымен далада жаяу бұрқасын жүріп жатты. Синоптиктер ескертіп жатты. Дүйсенбіге қараған түнде жауған қар түске дейін толастамады. Толарсаққа таяды. Ауа-райын болжаушылар алдағы уақытта да осы аптаның аяғына таман тағы қалың қар түсетінін айтады. Ал, ұлпа қар үп тесе, үрлеп, ақтүтек боран болады. Жалпы ақпан – ашуы мол, асау ай. Бұл кезгі жылымыққа көп сене беруге болмайды… Сондықтан да ескертулерге құлақ асқанның артықтығы жоқ. Өйткені, ақпан «Білмесең білдірем, білсең бүлдірем», — дейді.

Related Articles

Back to top button