ЕКІ ОКРУГТЕ ЖАҢА ӘКІМ
Өткен жексенбі күні Ақтөбе облысының үш ауданының төрт ауылдық округінде әкім сайлауы өтті. Оның екеуі Ойыл ауданына қарасты Ойыл және Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округінің әкімі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 14-бабының 9) тармақшасына, 44-бабының 2-тармағына, 45-бабына,113-10-бабына сәйкес учаскелік сайлау комиссияларының Ойыл және Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтері әкімдері сайлауының нәтижелері туралы хаттамалары негізінде Ойыл аудандық аумақтық сайлау комиссиясы сайлаудың қорытындысын шығарды. Нәтижесінде, Ойыл ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша электораттың басым дауысына ие болған Рүстем Темірұлы Сағынғалиев Ойыл ауылының тұрғыны, «AMANAT» партиясы ұсынған, Ойыл ауылдық округінің әкімі болып сайланды.
Ал, Ш.Берсиев атындағы ауылдық округі әкімінің сайлауы бойынша сайлаушылардың 367-сі жақтап дауыс берген Ойыл ауылының тұрғыны, «АМАNAT» партиясы ұсынған Әділбек Жансерікұлы Избасов Ш.Берсиев атындағы ауылдық округтің әкімі болып сайланды. Кеше аудан әкімдігінде өткен жиында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Бисекенов сайлау қорытындысына сәйкес, Рүстем Сағынғалиевқа Ойыл ауылдық округінің әкімі куәлігін табыстады. Түстен кейін, аудан әкімі Асқар Қазыбаев пен аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Бисекенов Қаратал ауылында болып, ауыл азаматтарына Ш. Берсиев атындағы ауылдық округтің әкімі болып сайланған Әділбек Избасовты таныстырып, куәлігін тапсырды.