Аналар – қоғамның алтын діңгегі

Көктемнің ең шуақты мерекесі – 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі аналар бас қосып, мерекелік кештің құрметті қонақтары болды. Мерекелік жиын жылы жүзді кездесумен басталып, ақ жаулықты аналар ақ дастархан басында бас қосты. Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы мен ауылдық округ басшылары аналардың қоғамдағы маңызды рөлін атап өтіп, оларды айтулы мерекемен құттықтады. «Аналар – отбасының тірегі, қоғамның алтын діңгегі. Олардың мейірімі мен еңбегін ешбір байлықпен өлшеуге болмайды. Бүгінгі кеш – сіздерге деген шынайы алғысымыздың бір көрінісі», – деді аудан басшысы. Шара барысында ақ жаулықты аналарға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасының амандығы тіленіп, олардың қоғамға сіңірген еңбегі ерекше атап өтілді. Кеш барысында жергілікті өнерпаздар аналарға арнап әсем әндерін тарту етіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Жүрекжарды тілектер айтылып, аналардың жүзіне қуаныш пен ризашылық ұялады. Шара соңында аналарға мерекелік сыйлықтар табысталды.