МәдениетЭкономика

ЖАҢА ҚОНЫСТАҒЫ ЖАРҚЫН НАУРЫЗ

Көктемнің шуағы төгіліп, жер-дүние жаңарған шақта қазақ халқы асыға күтетін Наурыз мейрамы да келіп жетті. Биыл бұл мереке Жаңабаз және Екпетал ауылдарының тұрғындары үшін ерекше есте қалды. Себебі Наурыз жаңа қоныста, жаңа тұрғын үй алқабында алғаш рет тойланып отыр.

Мерекелік думан таңмен бірге басталды. Көңілді ән мен күй, ұлттық киімдегі адамдар, ақ жаулықты аналардың күлімсіреген жүзі – бәрі де мейрамның көркіне көрік қосты. Тұрғындар ақ дастарқан жайып, бауырсақ пен наурызкөже ұсынып, келген қонақтарға ақжарма тілектерін жаудырды. Бұл күн тек көктемнің ғана емес, жаңа бастамалардың, жаңа өмірдің жаршысы іспетті болды.
Аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы жиналған жұртшылықты құттықтап, ынтымақ пен бірліктің, жақсылық пен жаңарудың символына айналған Наурыздың мән-маңызына тоқталды. Ол жаңа қонысқа көшіп келген ауыл тұрғындарына амандық пен береке тіледі.
Наурыз мейрамы тек қонақжай дастарқанымен ғана емес, ұлттық ойындарымен де ерекшеленді. Арқан тартыс, қол күрес, жаяу жарыс сияқты сайыстарда ауыл жастары белсенділік танытып, өз шеберліктерін көрсетті.
Ал оқушылар арасындағы оқтау тартыс ойыны көпшіліктің көңілінен шықты.
Жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталып, олар үшін бұл мейрам ерекше есте қалатыны анық.
Жаңабаз және Екпетал ауылдарының тұрғындары үшін бұл Наурыздың орны бөлек. Себебі жаңа үйге қоныстанған халық үшін бұл мейрам жаңа өмірдің бастауындай болды. Бәрінің жүзі жарқын, көңілі көтеріңкі.
Үлкендер ақ батасын беріп, жастар жаңа қоныстарында бақыт пен шаттыққа кенелсін деген тілек білдірді.
Ынтымақ пен бірлікті ту еткен ауыл тұрғындары бұл мерекені әдеттегіден де ерекше сезінді.
Қыстан аман шығып, көктемнің жылы лебін сезіну – тек табиғаттың ғана емес, адамның да жаңаруы секілді. Жаңа қонысқа қадам басқан халық үшін бұл Наурыз жақсылықтың бастауы болғай!

Related Articles

Back to top button