ЕСКЕРТКІШ – ЕЛ ЖАДЫНДАҒЫ ЕСТЕЛІКТІҢ ІЗІ

Ескерткіш – өткеннің өнегесі, келешекке қалған аманат. 18-сәуір – Халықаралық ескерткіштер мен тарихи орындарды қорғау күні. Бұл күн – тарихқа тағзым, ұрпаққа ұлағат. Осы атаулы дата аясында еліміздің әр өңірінде атқарылып жатқан игі істер елдігіміздің, бірлігіміздің айғағы.
Солардың бірі – «AMANAT» партиясы қолға алған «Таза бейсенбі» акциясы. Бұл бастама тек тазалыққа үндеп қана қоймайды, ол – тарихқа деген құрметті, елдің өткені мен бүгінінің арасындағы алтын көпірді жалғайтын ізгі шара. Әсіресе, Көптоғай ауылындағы «Таза Қазақстан» акциясы көпке үлгі болды. Партияның депутаттық фракциясының жетекшісі Жангүл Ізғарина бастаған «Жастар Рухы» жастар қанатының мүшелері ауыл жастарын жұмылдырып, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған ескерткіш маңын және оған іргелес саябақты тазартты.
Бұл – құр тазалық емес, бұл – рухани тәрбие. «Тарихына тас атқан – тағдырына таяқ жейді», – деген бар. Жастарға осыны ұғындыру, бойларына елге, жерге деген сүйіспеншілікті дарыту – біздің бүгінгі ұрпақ алдындағы міндетіміз. Себебі ел ертеңін ойласа, ескерткішін қорғайды. Ардагерлерге қойылған әр тас – бір тағдыр, әр белгі – бір бақытты болашақ үшін төгілген тер мен қанның куәсі.
Акцияға 30-ға жуық ауыл жастары қатысты. Олар тек қолдарына сыпырғы, күрек ұстап шыққан жоқ – олар жүректеріне патриотизмді, бойларына елжандылықты серік етіп шықты. Бұл – нағыз азаматтықтың көрінісі. Себебі тазалық – тек ауладан емес, адамның ішкі жан дүниесінен басталады. Ал ішкі дүниені тазартып, тарихқа тағзым еткен ел ғана болашағына сеніммен қадам басады.
Ел тарихын тану – өзіңді тану. Өз еліңнің өткенін білмей, болашағын бағамдай алмайсың. Ескерткішке көрсетілген әр құрмет – ұлттың рухани кемелденуінің бір қадамы. Біз бабалар аманатына адал болсақ, болашақ бізге риза болады.