БілімЖаңалықтар

АҚ ТАРЫНЫҢ АТАСЫ-ХАЛЫҚТЫҢ АРДАҚТЫСЫ

Туған жер тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғаларды ұлықтау – ұрпақ парызы. Қазақ даласының маңдайына біткен дара перзент, «Ақ тарының атасы» атанған, ел мақтанышы – Шығанақ Берсиевтің туғанына биыл 145 жыл толып отыр. Осы айтулы датаға орай Ш.Берсиев атындағы орта мектептің мәдениет қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастыруымен «Еңбек адамы – ел мақтанышы» атты Шығанақ Берсиевтің ұрпақтарымен тағылымды кездесу кеші өтті.

Кештің басты мақсаты – ел тарихында өзіндік орны бар ұлы диқанның өмірі мен өнегелі еңбек жолын кейінгі ұрпаққа насихаттау, туған жердің даңқын асырған тұлғаның есімін дәріптеу және ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Шығанақ атамыздың ғұмыры – ел басына күн туған қиын кезеңдерде халықтың қамын ойлап, бар күш-жігерін ел игілігіне жұмсаған азаматтың өнегелі жолы. Жары екеуі бес ұл, екі қыз тәрбиелеп, артынан үлкен әулет қалдырған.

Тағылымды шараға атамыздың немере қызы Гүлшара Берсиева, шөбересі Мейірім Берсиева, сондай-ақ атамыздың қызының баласы, жиені Сержан Ешмұқанов ағамыз қатысты. Кездесу барысында Сержан ағамыз Шығанақ Берсиевтің ел басына түскен ауыр кезеңдердегі еңбегі туралы әсерлі естеліктерімен бөлісті.

– Шығанақ атамыз өзінің қара басын ойлаған адам емес. Ең алдымен халықтың қамын ойлаған. Аштық, қиын-қыстау кезеңде «осы елді аштықтан қалай алып қаламын?» деп толғанған. Ол кезде ау да, қармақ та жоқ. Балықты аулау үшін ши тоқып, сонымен сүзіп, елдің қажетіне жаратқан екен, – деді Сержан ағамыз.

Елдің ертеңін ойлаған Шығанақ Берсиев  бірте-бірте мал шаруашылығына ғана сүйенудің қиындығын түсініп, егіншілікке бет бұрады. «Мал – бір жұттық» деген оймен тары егуді қолға алып, мол өнім жинаудың жолын іздейді. Осылайша тары өсірудің қыр-сырын меңгеріп, өзінің ғана емес, бүкіл елдің несібесін арттырған.

– Шығанақ атамыз тары егіп, сол еңбегімен елді асырады. Ұлы Отан соғысы жылдарында да майдандағы жауынгерлерге вагон-вагон тары жіберіп отырған. Осындай ерен еңбегінің арқасында тарыдан рекорд жасаған адам болды, – деген Сержан Ешмұқановтың сөзі көпшілікке ой салды.

Шынында да, Шығанақ Берсиевтің еңбек жолы – бір адамның жеке жетістігі ғана емес, ел тарихымен сабақтасқан үлкен өнеге. Оның даладан алған мол өнімі тылдағы халыққа азық болып, майдандағы жауынгерлерге де қолдау көрсетті. Осылайша қарапайым диқанның маңдай тері елдің ортақ игілігіне айналды.

Кеш барысында жерлесіміз Айтқұлов Жолдыбай ағайдың «Берсиевшілер маршы» шырқалып, ұлы диқанның есімі әсем әнмен ұлықталды.

Шараға Шығанақ Берсиевтің өмірі мен еңбек жолын зерттеп жүрген жас ізденушілер де белсене қатысты. 10-сынып оқушылары Шығанақ Берсиев тақырыбында дайындаған ғылыми-зерттеу жұмыстарын таныстырды.

Ал мектеп жанындағы Шығанақ Берсиев музейінің жетекшісі Нұрлан Сүлейменов қонақтарды музеймен таныстырып, ондағы құнды жәдігерлер мен тарихи деректер жайында кеңінен  мағлұмат берді. Музейдегі әрбір жәдігер –ұлы диқанның өнегелі өмірінен сыр шкертетін тарихтың тірі куәсіндей.

Шығанақ Берсиевтің есімі туған жер тарихымен біте қайнасқан. Бүгінде оның ұрпақтары ата есімін ардақтап, өнегесін кейінгі буынға жеткізіп келеді. Ал мектеп оқушыларының ұлы диқанның өмірін зерттеп, ғылыми жұмыстар қорғауы – Шығанақ мұрасының жас ұрпақ жүрегінде жалғасып келе жатқанын көрсетеді.

Шығанақ Берсиев ғұмыры – ел үшін еңбек етудің, қиындыққа мойымай, халықтың қамын ойлаудың жарқын үлгісі. «Ақ тарының атасы» атанған ұлы диқанның есімі тарихта қалса, оның елге деген жанашырлығы мен ерен еңбегі ұрпаққа мәңгілік өнеге болып қала бермек.

Рақима САҒАТОВА,

Қаратал селосы.

Related Articles

Back to top button