БІЗДІҢ ӨЗ ЖОЛЫМЫЗ БАР!

Қазіргі дүрбелең заманда, әр мемлекет бірінші кезекте ішкі тұрақтылыққа зор мән береді. Ішкі жағдайды тәртіпке келтірген мемлекет ғана алаңсыз сыртқа қадам баса алады. Қазақстан Халқы Ассамблеясы — осы ішкі алауыздыққа төтеп беретін, ұлтаралық сыйластықтың қадірін түсінетін орган. Бүгін президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көп жақсы ұсыныстар мен ойларды ортаға салды, солардың ішінде жүрегіме қатты әсер еткен сөзі: “Қазақстанға ешкім ешқашан жөн үйрете алмайды, біз өз жолымыз бар” деген сөзі.
Бұл – нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік, – деді Президент.
Отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар. Қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алады. Оған қажетті барлық жағдай жасалған.
– Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек. Соның арқасында біздің елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнінде біздің халықаралық «брендімізге», беткеұстар жетістігімізге айналды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
– Этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделген. Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы. Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты, – деді ҚР Президенті.
Тыныштыбай ШАЛАБАЕВ,
Еңбек ардагері.