Рухани жаңғыруЭкономика

ТАРИХТЫҢ ТЕЗІНЕН ӨТІП, ТАҒДЫРЛЫ ТАҢДАУ ЖАСАҒАН ХАЛЫҚПЫЗ!

ТАРИХТЫҢ ТЕЗІНЕН ӨТІП,
ТАҒДЫРЛЫ ТАҢДАУ ЖАСАҒАН ХАЛЫҚПЫЗ!

Қиын-қыстау күндерді артта қалдырып, бейбітшілік пен бірлікті ту еткен елміз. Әлем елдерінің көбінде этникалық әралуандылық алауыздық пен сенімсіздікке себеп болса, біз үшін бұл – ынтымақ пен берекенің бастауы, асыл қазынамыз. Себебі, көптің тілегі – елдің тірегі. Біз бір-бірімізді бауыр тұттық, жат көрмедік, жұдырықтай жұмыла білдік. Жаратқан өзі әр алуан етіп жаратқан халықты бір шаңырақ астында жарастырған жұрттың мерейі әрқашан үстем.

Қазақстан – тек қана жер көлемімен емес, жүрек кеңдігімен де ұлы ел. Бұл – бір күнде келген бақ емес, бұл – бабалардың төккен тері, аналардың көз жасы, бүгінгі ұрпақтың жанкешті еңбегі. Ынтымақ пен өзара сенім болмаса, ешбір қоғам ұзақ өмір сүрмейді. Қанша жерден зау биік ғимарат тұрғызсақ та, рухани негізі әлсіз болса – бәрі бекер. Сондықтан еліміздің басты тірегі – бейбіт өмір мен өзара құрмет.

Біз Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп өскен ұрпақпыз. Әділетті Қазақстан – ұран емес, ұлы мұрат. Ол – әр азаматтың жүрек төріндегі сенім мен әрекеттің бірлігі. Әділет салтанат құрғанда ғана ел ішіндегі татулық пен тұтастық баянды болады. Ел ішіндегі келісім – ел болашағының кепілі. Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп деген. Осы бір аталы сөздер өміріміздің алтын өзегіне айналуы тиіс.

Біз бүгінде біртұтас ұлтпыз – ортақ мақсатқа ұмтылған, өз болашағына сеніммен қарайтын халықпыз. Жүріп өткен жолымыз – маңдай тер мен табандылықтың жолы. Қиындыққа қайыспадық, сынаққа мойымадық. Әр белесті еңсерген сайын, елдік деңгейіміз де биіктей берді.

Ұрпаққа үлгі боларлықтай ұлы істі бірге жасадық. Ендігі міндет – сол жетістікті сақтап қалу ғана емес, оны еселеу. Бізден кейінгі ұрпақ бейбіт өмірдің қадірін білетін, елінің еңсесін биік ұстауға ұмтылатын елжанды болып өссе – ел аман, жер аман.

Сөздің түйіні – ел бірлігі мен татулығы болған жерде ғана әділет салтанат құрады. Ұрпағымызға қалдырар ең қастерлі мұра – осы ынтымақ пен ымыра. Ұлттың ұлы мұраты – татулықта. Осыны естен шығармай, келешекке қарай нық басайық!

Марал Еркінова,
Еңбек ардагері.

Related Articles

Back to top button