Әлеумет
МЕРЕКЕГЕ ТАРТУ МАГАЗИН МЕН КӨЛІК ЖУУ ОРТАЛЫҒЫ
Бейсенбі күні ауданда мерекемен тұспа-тұс келген «Көлік жуу» мен «Муслим» азық-түлік дүкенінің ашылу салтанаты болды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арналған жолдауында: «Жастар-ел болашағының тірегі. Мемлекет жаңа буынның алдында барлық есіктер мен жолдарды ашты. «Нұрлы жол» міне, біздің креативті ырғақты жастарымыздың күш-жігерін жұмсап, құлаш сермейтін тұсы осы!»-деп айрықша атап өткен болатын. Міне біздің ауданымызда да осындай жігерлі жастың бірі, жас кәсіпкер Жанас Әділханов «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде «Бизнес-Кеңесші» жобасымен кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсынан өткен еді. Нәтижесінде бүгін өзінің жеке кәсібін бастап отыр.
Расымен де, үкімет елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы үшін барынша жағдай жасап келеді. Жеке бизнесін ашқысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар енгізді. Сол бағдарламаның бірі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жас кәсіпкер Мирас Әлібекұлы 6 пайызбен 3,0 млн.теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, аудан орталығынан халыққа қызмет көрсету үшін үлкен ғимаратты салып, көлік жуу орны мен дөңгелек жөндеу шеберханасын ашты. Осы екі әлеуметтік нысанның тұсауын кескен Ойыл селосы әкімінің орынбасары Әли Сейітжанов жас кәсіпкерлердің қызметтеріне сәттілік тіледі. Бүгінгі таңда шағын және орта бизнесті ауылдық жерде дамытуға өз үлесін қосып отырған осындай азаматтарымыздың қатары көбейе берсе деген тілектеміз.
Өміргүл Темірхан.