Экономика

АЛҒАШҚЫ ЖИЫНДА АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ -АУЫЛ ЖАСТАРЫН ҚОЛДАУ

Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ел ертеңінің кепілі. Олардың білімге, еңбекке, жаңашылдыққа деген құлшынысы мен ұмтылысы – мемлекеттің дамуының басты кепілі. Осы орайда, өткен сәрсенбі күні жастар ресурстық орталығында 2025 жылғы аудан әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің бірінші отырысы өтті. Кеңеске аудан әкімі Асқар Қайырғалиұлы төрағалық етті.

ЖАСТАР МЕН БИЛІК –
БІР АЛАҢДА
Кеңес отырысына аудандық мәслихат төрағасы, ауылдық округ әкімдері, тиісті мекеме басшылары, ауданның белсенді жастары, “Жасыл ел” еңбек жасақшылары қатысты. Бұл – жастар саясаты мәселелерін ашық талқылауға, ұсыныстарды тікелей жеткізуге мүмкіндік берген алаң болды.
Алғашқы кеңестің күн тәртібінде Саралжын, Көптоғай, Сарбие ауылдық округтеріндегі мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы мен жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайы талқыланды. Ауылдық округ әкімдері баяндамаларында жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық және мәдени шараларды көбейту, білім мен еңбекке баулу бағытында атқарылған жұмыстарды атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік қолдау тетіктерінің нәтижелері мен кемшіліктеріне тоқталды.
ЖАСТАРДЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ – БАСТЫ НАЗАРДА
Кеңес барысында сөз алған жастар өкілдері ауылдық жерлерде бос уақыт өткізетін орындардың жетіспеушілігін, кәсіп ашуға байланысты гранттық бағдарламалар
жайлы сауалдарын қойды. Олар бұл мәселелерді шешу үшін семинарлар, кәсіпкерлікке үйрететін тренингтер, мәдени және спорттық инфрақұрылымды жақсарту сынды ұсыныстарын жеткізді.
Кеңес төрағасы Асқар Қайырғалиұлы жастардың ұсыныстарын назарға алып, тиісті бөлімдер мен округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
«Жастар – біздің болашағымыз. Сіздердің әр бастамаларыңыз, әр идеяларыңыз ауданның дамуына үлес қосады. Сондықтан біз сіздерді қолдауға әрқашан дайынбыз», – деді аудан әкімі.
ЖАСТАР ЕҢБЕГІНЕ ҚҰРМЕТ
Кеңес соңында 12 тамыз – Халықаралық жастар күні қарсаңында барлық ауылдық округтерде өткізілген жастар форумдарының қорытындысы жарияланды. Форумдарда белсенділік танытып, аудандық жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста жұмыс істеген жастар бірлестіктерінің мүшелері мен “Жасыл ел” еңбек жасақшылары аудан әкімінің дипломдары, алғыс хаттары және естелік сыйлықтарымен марапатталды.
P.S. Кеңес жұмысы көрсеткендей, Ойыл жастары белсенді, ал билік өкілдері олардың ұсыныстарын тыңдауға дайын. Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырудағы осындай ашық диалог пен бірлескен жұмыс – ауданның болашағына сенімді қадам. Кеңес отырысы жастар мен билік арасындағы байланыс артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button