Экономика

Банктерге қатысты ескірген заң жаңартылады

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен палатаның жалпы отырысы өтіп, комитеттер жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың басым бөлігі халықаралық келісімдерді ратификациялауға бағытталды.
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерді тал­қыламас бұрын палата төра­ғасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауының маңызын атап өтті. Президенттің депутаттық корпус жұмысына, ауқымды реформаларға қосқан үлесіне алғыс білдіргеніне тоқталды.
– Мемлекет басшысының арнайы назар аударып, жұмы­сымызға жоғары баға беруі заң шығару ісінде қарқынымызды одан ары арттыруға құлшын­дыра түседі деп ойлаймын. Әрқайсыңыз жұмыс бағытын Жолдау тапсырмасына сай пысықтаңыздар, – деді Мәжіліс төрағасы.
Сондай-ақ ол Президент маңызды бастамалар көтеріп, алдағы жұмыстың аясын ай­қындап, нақты мерзімін белгілеп бергенін атап өтті.
– Біздің ендігі міндетіміз – Үкіметпен, азаматтық қоғаммен бірге тығыз әрекет ете отырып, Жолдаудағы барлық бастаманы жедел түрде заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету, – деген Е.Қошанов Жолдауда қамтылған басым бағыттарға егжей-тегжейлі тоқталды.
Одан бөлек, Жолдауда еліміз үшін тағы бір маңызды реформаны қолға алу ұсынылғанын еске салды. Ол – Парламенттік реформа. Ерлан Жақанұлы болашақ­та бір палаталы Парламент жүйесіне көшу ісін тек халықпен бірге талқылап шешу қажет деген Президенттің ұстанымы уақыт талабына сай екенін дәйектеді.
– Мемлекетіміздің бола­шағына қатысты тағдыршеш­ті мәселенің бәрі халықтың талқысына салынып, шешім қабылдауды халықтың өзіне беру – Президентке тән ашық басқару стилі. Бұл азаматтардың пікірін құрметтеу және жаңа саяси мәдениет қалыптасқа­нын көрсетеді. Жалпы, бір палаталы Парламент идеясы қоғамда біраз уақыттан бері талқыланып келеді. 2022 жылғы конституциялық реформа барысында осы бағыттағы алғашқы қадамдар жасалды. Сондықтан бұл бас­тама кезең-кезеңімен іске асып келе жатқан жүйелі, байыпты реформалардың жалғасы ретінде қабылдануы қажет, – деді Е.Қошанов.
Сөз соңында Мәжіліс төрағасы Президент жүктеген міндеттерді іске асыру үшін әр депутаттың, әр фракцияның табанды еңбегі мен қажырлы қызметі қажет екенін айтты.
Мәжіліс банктер және банк қызметі туралы заң жобасын жұмысқа қабылдады. Ол туралы Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Татьяна Савельева таныстырды. Баяндамашы заң жобасы Мемлекет басшысының қаржы секторын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін жеткізді.
– Бұл заң бүкіл банк секторы үшін бірыңғай әрі тиімді негіз құруға мүмкіндік береді. Банктерге қадағалау күшейтіліп, оларды ашу және лицензиялау тәртібіне қойылатын талаптар өзгереді. Негізгі бастаманың бірі – базалық банктік лицензияны енгізу. Бұл жаңа банк­тердің нарыққа кіру шартын жеңілдетіп, бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ бизнесті несиелеуге оң әсер етеді. Сонымен қатар қаржы ұйымдары басшыларына қойылатын стандарт күшейеді. Бұл басқару қызметіне тек кәсіби даярлан­ған және адал мамандардың келуін қамтамасыз етеді, – деді Т.Савельева.
Депутаттың айтуынша, жаңа заң жобасындағы жаңа­шылдықтың бірі – төлем қабілетінсіз банктерді реттеу тетігін енгізу. Проблемалық банк­тердің қаржылық тұрақ­тылығын қалпына келтіру­дің жаңа тәсілдері енгізіледі, бұл салымшылардың мүддесін қорғауға және қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүм­кіндік бермек.
Сондай-ақ «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгі­леу туралы конвенцияны (131-конвенция) ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова баяндады.
Баяндамадан ұққанымыз еліміз ең төменгі жалақыны айқындау тәсілдерін халықара­лық деңгейде бекітпек. Қысқасы, Мәжіліс дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төмен жалақыны белгілеу туралы конвенцияны ратификациялады.
Жалпы, 131 конвенцияны ратификациялағаннан не ұтамыз? Біріншіден, еліміздің ең төменгі жалақыны айқындай­тын қолданыстағы тәсілдері халықаралық деңгейде бекіті­леді, мемлекеттің Халықаралық еңбек ұйымына мүшелігі аясында халықаралық міндеттемелерге адалдығын растауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Қатар Үкіметі арасындағы Қазақстаннан келген жұмыскерлерді Қатарда жұмысқа орналастыруды реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң қабылданды. Осы арқылы енді отандастарымыздың Қатарда жұмысқа орналасу мүмкіндіктері арта түспек.
Аталған заң жобасын таныс­тырып, баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Светлана Жақыпова заңда еліміздің азамат­тары­ның Қатардағы құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қам­тамасыз ету тетіктері ескеріл­генін атап өтті.
– Ол үшін мынадай айқын рәсімдер белгіленеді: іріктеу, Қазақстан азаматтарын жұмысқа қабылдау және олардың Қатарда жұмысқа орналасу кезіндегі құқықтарын айқындау. Келісімге қосымша ретінде еліміздің азаматтарын Қатарда жұмысқа қабыл­дауға арналған үлгілік еңбек шарты бекітілген. Бұл еңбек шартының ережелеріне қан­дай да бір өзгерістер енгізуге Қатар­дағы жұмыс берушінің құқы­ғы жоқ, – деді министр С.Жақыпова.
Сондай-ақ осы заң жобасын талқылау барысында Кореяда заңсыз еңбек етіп жүрген отандастарымыздың тағдырына қатысты да мәселе сөз болды.
Депутат Нартай Сәрсен­ғалиев министр Светлана Жақыповадан Оңтүстік Корея­ға жұмыс істеуге барған азамат­тарымыздың миграция заңын бұзбауы және еңбек визасы аяқталғанда елге қайту мәселелерін шешу тетік­тері, сондай-ақ Оңтүстік Корея­мен жасалған меморандумдарды пайдалана отырып, ел азаматтарын уақытша еңбек етуге жіберу мүмкіндіктері туралы сұрады.
Министр С.Жақыпова депутаттың Қазақстан мен Корея арасындағы келісімді ратификациялау мәселесінің созылып кеткеніне қатысты айтқан сыны орынды екенін мойындап, жыл соңына дейін осы жұмысты аяқтауға уәде берді.
– Кореяда болған жағдай өздеріңізге жақсы мәлім. Яғни президент орнынан кетіп, одан кем дегенде 2-3 ай министр тағайындалмады, ол мәселелер қаралмады, сонымен созылып кетті. Қазір Корея тарапы жол картасын қабылдау, оның аясында нақты іс-шараларды жазу сынды бізге қайтадан талап қойды. Яғни сол іс-шаралар арқылы Кореяда заңсыз жүрген отандастарымызды елге қайтып алып кетуді сұрап отыр. Қазір осы мәселе бойынша Сыртқы істер министрлігімен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді С.Жақыпова.
Министр сондай-ақ еліміздің тарапы Кореяға алғашқы жоспарын ұсынғанын, қазір ол жоспар қаралып жатқанын жеткізді.
Жалпы отырыстың соңында мәжілісмендер депутаттық сауалдарын жолдады. Сөз баста­ған депутат Ермұрат Бапидің сауалы бұл жолы ешқандай құзырлы меке­меге емес, жалпы қоғамға бағыт­талды. Яғни ол ағайынмен ақыл­дасу­дың амалы ретінде ертеңгі ұлт мүддесін ойлаған, қан­жар­дың жүзінде қырық құбы­лып тұрған қазіргі әлемде ел бо­ла­шағын бағдарлаған азамат­тар­ға арнап Мемлекет басшысы­ның Жолдауына қатысты үн қатты.
– Президенттің парламенттік реформа жасау жолындағы бастамасын ерекше атап өту керек. 30 жылға жуық саясат аренасының бір пұшпағында жүрген мен өзім бұл реформа ел Парламентін нақты саяси күшке айналдыруға, ықпалды Парламент формуласын шынайы жүзеге асыруға бағыттайды деп санаймын, – деді Е.Бапи.
Ал «Ауыл» партиясының төр­ағасы, фракция жетекшісі Серік Егізбаев Премьер-министр Олжас Бектеновке бағыттап, ауыл­­дарда тұрғын үй салу мәсе­лесі бойынша жолдаған депу­таттық сауалында кейінгі 20 жыл­да елімізде 1 400-ден аса ауыл жойылып кеткенін айтып дабыл қақты.
– Бүгінде еліміздің 15 өңірін­де ауыл халқы санының айтар­лықтай азаюы тіркеліп отыр. Оның ішінде ең жоғары көрсет­кіштер Абай облысында – 3,2%, Солтүстік Қазақстан облысында – 3% және Қарағанды облысында 2,9%-ды құрап отыр. Осы жылдың 1-жартыжылдығында 383 мың отандасымыз қоныс аударса, олардың басым бөлігі Астана мен Алматыға қоныс тепкен. Кейінгі 20 жылдың ішінде елімізде 1 400-ден аса ауыл жойылып кетті, ал Үкіметтің бағалауы бойынша тағы 500 ауылдық елді мекен «перспективасы жоқ» елді мекендер қатары­на енгізіліп отыр, – деген де­путат ауыл адамдарының тағ­дыры­на, жабылып қалған мектеп­­тер мен медициналық пункт­тер­дің, иесіз қалған ауылда жалғыз­дықта өмір сүріп жатқан қария­лардың, болашағын ауылдан емес, қаладан іздеуге мәж­бүр болған жастардың жайына алаң­даушылық білдірді. Депутат осы мәселе бойынша Үкімет басшысынан нақты шаралар қабылдауды сұрады.
«Respublica» партиясы фрак­циясының мүшесі Екатерина Смолякова Премьер-министр Олжас Бектеновке сауал жолдап, ерекше табиғи құндылығы бар нысан­дарды мемлекет қорғауына алу қа­жеттігін айтты. Яғни елі­міз­дің туризм саласындағы тари­хи-мәдени нысандардың мәрте­бе­сіне қатысты мәселе көтерді.
– Туризмді дамытқан күннің өзінде тарихи, мәдени байлығы­мызды көздің қарашығындай сақтап қалуымыз керек. Мысалы, жуырда Ұлытау ұлттық паркінде «Әулие таудағы» жеті әулиеге қойыл­ған таңбалы тастарды белгі­сіз біреулер қиратып кеткен. Бұл – ұлттық құндылыққа жасал­ған қиянат, – деді Е.Смолякова.
Депутат нысандарда тәртіпті қадағалау үшін «Цифрлық Қазақстан» концепциясы аясында «Starlink» жүйесін қолдана отырып, бейнебақылау камераларын орнатып, туристік полицияға және Ұлттық саябақ қызметкерлеріне дрон арқылы бақылау мүмкіндігін жасау қажеттігін ұсынды.

Related Articles

Back to top button