Басты тақырыпЭкономика

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДАР ДАЯРЛАУ ОЙЫЛ КӘСІПТІК КОЛЛЕДЖІНІҢ ДЕ ҮЛЕСІ КӨП

Мамандық таңдау - өзіңе ұнайтындай өмір сүрудің алғышарты болуы керек. Яғни, мамандық таңдау сындарлы шешім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланды. Осы «Жұмысшы мамандықтар санатына кімдер кіреді? Ол мамандарды кімдер дайындайды?» деген заңды сұрақ та туады.

Қала баласы үйден шыққан қоқысты ауладағы жәшікке салуды жұмыс көрсе, ауыл баласын «үйренгені өзіне жақсы» деп бұғанасы бекігеннен бастап жұмсайды. Демек, жұмысшы мамандығы ауыл баласы үшін таңсық емес.
Баланы отбасында ата-анасы еңбекке баулып, жұмсап тәрбиелесе, қоғамға, мемлекетке қажетті маманды негізінен қазір арнаулы колледждер дайындайды. Өйткені, қоғамның дамуы мен экономиканың тұрақтылығы білікті жұмысшыларға тікелей байланысты. Ғалымдар қанша мықты жоба жасаса да, оны іске асыратын – қолында кәсіби құралы бар шебер мамандар.
Солардың бірі — Ойыл кәсіптік колледжі. Әуелгіде кәсіптік училище болып ашылғандағы мақсаты да ауылшаруашылығына қажетті мамандарды даярлау еді.
Алпыс жылдан астам уақыт ауылды жұмысшы мамандармен қамтып келген оқу орны әлі де сол ауылдың кіші буын мамандарына мұқтажын өтеп келеді. Әрине, уақыт уыста тұрмайды. Уақытында қажетін дөп басып, қоғамдағы тіршіліктің легімен бірге қадам басқан білім ордасы бір кездері кіші буын есепші мамандарды даярлады. Олар да бүгінде ауылдың қажетіне жарап, кірпіші болып қаланды. Сол сертінен айнымаған колледж бүгінде атауы бірнеше рет өзгерсе де, мақсаты өзгермеді. Бір кездері ауданға ғана емес, аймаққа түгел механизатор дайындаса, қазір мал мамандарын даярлап, аудан, облыстың ғана емес, төңіректегі ауылдың бүгінгі сұранысын өтеп отыр.
Сәлемін «мал-жанының амандығынан» бастайтын қазақ үшін «малы — жанының садағасы».
Әрине, әуелі жұмысшы мамандығын игеріп, шаруамен шыныққан, өмірдің түрлі баспалдағынан өткен түлектердің ішінен ұзақ жыл облысты басқарған Елеусін Сағындықовты мақтан тұтамыз. Осыдан 36 жыл бұрын біз де осы оқу орнының дипломымен үлкен өмірге қадам басқанбыз!
«Біз жастарға сапалы білім беріп қана қоймай, олардың еңбек нарығында өз орындарын табуына көмектесеміз. Біздің түлектеріміз – еліміздің ауылшаруашылығын дамытуға үлес қосатын білікті мамандар. Сондықтан, биылғы жыл техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға, жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға баулуға мұрындық болса дейміз…» — дейді Ойыл аграрлық колледжінің директоры Серік Займолдин.
Өйткені, «Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Әрі біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деді Президент. Яғни, қоғамда еңбек жоғары бағалануы тиіс.
Өйткені, кісі еңбегінің лайықты бағалануы – кез келген елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер етеді.
Ойыл кәсіптік колледжі бүгін де уақыт көшіне ілесіп, еңбек нарығының талаптарына сай, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауды қамтамасыз етіп келеді.
Жұмысшы мамандықтары – тек бүгінгі ғана емес, ертеңгі күннің де кепілі. Ойыл кәсіптік колледжі осыған дейін кәсіби білімге ұмтылған қаншама жасқа жол ашты?
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button