ЖАҢА МІНДЕТТІҢ ЖҮГІ МЕН ЖЕМІСІ
Өткен аптада Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Динара Достанова бастаған ақпараттық насихаттық топ мүшелері келіп, ауыл тұрғындарымен, еңбек ұжымымен және Ойыл кәсіптік колледжінің студенттерімен кездесті.

Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының негізгі басымдықтарын насихаттау және халыққа түсіндіру мақсатында келген топ алдымен «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында ауыл тұрғындарымен және мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесті.
Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев жиынға қатысушыларға келген ақпараттық-насихаттық топ мүшелерін таныстырғаннан кейін, еліміздің алдағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз ететін құжат ретіндегі мемлекет басшысының Жолдауының маңызына, оны жүзеге асыру мақсатында жоспарланып отырған ірі істерге тоқталды.
Алғашқы лекте сөз алған топ мүшесі, еңбек ардагері Нұрхан Ақниязов мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы басым бағыттарға көбірек тоқталып, өзінің өмір тәжірибесінен деректермен түсіндірсе, «Ақтөбе облысы бойынша Еңбек мобилдігі орталығының» маманы Айнұр Серікова ауыл тұрғындарына жұмыспен қамту саласындағы жаңалықтарды жеткізді.
Кейбір бағдарламалардың ерекшеліктерін түсіндірді.
«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов мемлекет басшысының Жолдауында айтылған ауылшаруашылығы мен кәсіпкерлік саласына қатысты айтылған мәселелерді жүзеге асыру мен оларға көрсетілетін қолдау туралы кеңінен тоқталды.
Ал, Ойыл кәсіптік колледжінің студенттерімен кездесуде жастардың еңбекке ұмтылуы, соның ішінде уақыт көшіне ілесу үшін жасанды интеллектті игеру қажеттігін өмірдегі нақты мысалдармен түсіндірді.
Одан кейін топ мүшелері аудан әкімдігінде мемлекеттік қызметкерлермен және аудандық аурухананың еңбек ұжымымен кездесті.
Ойыл ауданына сапарының соңында Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округке қарасты Құмжарған ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу ашық пікір алмасу мақсатында еркін форматта өтті.