БАЛАҒА БАҒДАР – БІЗГЕ МІНДЕТ!
Мамандық таңдау адам өміріндегі шешуші сәттің бірі. Болашақ табыс көлемі, өмір салты, қоғамдық пікірінің қалыптасуына оқыған мамандығы мен кәсіби қызметі тікелей әсер етеді.

Егер оқушы өзінің икемі мен қызығушылығына сай мамандық таңдаса,өмірге құлшынысын артып, алдына нақты мақсат қойып, жоспар құрады. Сондықтан білім ордаларында кәсіби бағдар беруге бетбұрыс бар. Ол бағытта «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалы балаларға кәсіби бағдар беруге қолұшын созып отыр. Ж. Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің кәсіптік бағдар беру маманы Есенгелді Бегалин балаларды белгілі бір кәсіпке қызықтыру үшін оқушыларға Ойылдағы белгілі бағбан Сапура Мырзағалиеваның «Жылыжайына» «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлік палатасы Ойыл аудандық филиалымен бірлесіп саяхат ұйымдастырды. Оқушылардың «Жылыжайдың» жұмысымен танысу үшін ұйымдастырылған кәсіптік бағдар сабағына аудандық кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Қойбағаров пен аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Әйгерім Мейрамқызы қатысты. Ал, мектептің алтыншы сынып оқушыларына арнаулы мамандар «Жылыжайдағы» көкөністерді күтіп-баптау жолдарын түсіндірді. Қазіргі таңда оқушыларға кәсіптік бағдар берудің маңызы жоғары. Бұл тек баланың керекті маман иесі болуына ғана емес, еңбек нарығы мен қоғам сұранысына сай кадр дайындаудың алғышарты. Жасанды интеллектпен еңбек нарығында да жаңа технологиялар енгізіліп жатқан шақта аталған қадамды мектептен бастау орынды-ақ. Ол үшін әр баланың бейімін байқап, білігін танып, қызығушылығына қарау керек.



