Әлеумет

ҚОРҒАУ МЕН ҚОЛДАУ — КӘСІПОДАҚТЫҢ КЕПІЛДІ КӨМЕГІ

Ойыл ауданында білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы өз жұмысын белсенді түрде жалғастырып, сала мамандарының мүдделерін қорғау, құқықтық сауаттылығын арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқаруда.

Жақында өткен жиында аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлмира Избағамбетова атқарылған жұмыстарға тоқталып, кәсіподақтың маңызды міндеттерін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде аудандағы 33 бастауыш кәсіподақ ұйымына 1676 мүше тіркелген. Ұжымдық шарттар жасау арқылы еңбек қатынастарының тепе-теңдігін сақтау және әлеуметтік әріптестікті нығайту жолға қойылған. Аудандық кәсіподақ ұйымы білім беру мекемелерінде еңбек нормаларының сақталуын бақылауға ерекше көңіл бөлуде.

2024 жылы 7 мектеп пен 5 мектепке дейінгі ұйымдарда қоғамдық бақылау жүргізіліп, еңбек заңдылықтарын бұзу фактілері анықталған жағдайда тиісті ескертулер жасалды. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында нақты шаралар қабылданды. Су тасқыны кезінде 25 кәсіподақ мүшесіне 2 000 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Сонымен қатар, 126 кәсіподақ мүшесі шипажайларға және тарихи-танымдық саяхаттарға жіберіліп, бұл мақсатқа 9 116 500 теңге бөлінді. Жиында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының өкілдері де сөз сөйлеп, 2024-2026 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы келісімнің маңыздылығына тоқталды.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрайымы Раушан Серікова кәсіподақ қызметінің негізгі міндеттері еңбек дауларын шешу, жұмысшылардың әлеуметтік кепілдіктерін қорғау, еңбек заңдылықтарының сақталуын қадағалау екенін баса айтты.

Шара соңында білім саласының дамуына үлес қосқан кәсіподақ мүшелері марапатталып, шипажайға жолдамалар табысталды. Сонымен қатар, кәсіподақ өкілдері Ойыл кәсіптік колледжі, педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті, Ж. Жүсібалиев атындағы қазақ орта мектебі және «Балдырған» бөбекжайының бастауыш кәсіподақ ұйымдарына қоғамдық бақылау жүргізіп, әдістемелік көмек көрсетті. Кәсіподақ қызметінің басты мақсаты – еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және ұжымдық келісімдердің орындалуын қамтамасыз ету.

Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Related Articles

Back to top button