Әлеумет
Еңбекке тағзым – елдіктің белгісі
«Тарихсыз болашақ жоқ» — деген қағида ешқашан мәнін жойған емес. Шынында да солай. Өткеннен сабақ алу мен тағзым ету ұрпақтың міндеті. Аталарымыздың соғыстағы ерлігін айтпағанда, еңбек майданындағы жанқиярлықпен атқарған ұлағатты ісі аға буынның жадында болғанымен кейінгі толқынның санасында көмескіленіп барады.
Қоғам алмасқанмен ұрпағының игілігі үшін жасаған аталардың еңбегі біздің бүгінгі табысымыздың бастауы. Әсіресе, бойында қайраты бар азаматтардың барлығы майданға аттанғанда, еңкейген кәрі мен бұғанасы қатпаған баланы жұмсап, елдің түтінін түзеп, еңсесін тіктеген азаматтың бірі — Сүйесін Тілеумағамбетов. Өткен ғасырдың 40-ыншы жылдары Қараой селосының тұтынушылар одағын басқарса, батыста соғыстың кескілескен шағында, 1942 жылы сол ауылдың ізіндегі Ленин атындағы колхоздың тізгінін қолына алды. Елді ортақ мақсатқа жұмылдырған шеберлігімен мал өсіру мен егіншілікте елеулі көрсеткішке қол жеткізді. Үздіксіз 13 жыл ғұмырының соңына дейін елдің әлеуетін көтеріп, халықтың тұрмысын түзеуге жұмсаған еңбегі сол уақытта да елеусіз қалған жоқ. Қолхоздың малдары бірнеше рет республикалық көрмелерде сыйлық алса, ұйымдастырушылық шеберлігімен танылған Сүйесін ақсақал өңіріне сол уақыттағы ең жоғары марапаттардың бірі — «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет Белгісі» ордендерін тақты.
Өткен сенбіде ұрпақтары өзінің ізі мен еңбегінің «табы» қалған өңірге ескерткіш тақта орнатты. Тақтаның пердесін Сүйесін ақсақалдың ұлы Қаршыға мен ауыл ақсақалы Әтшібай Тіржанов ашты. Ауылдастарына ас берді. Көзі мен қамқорлығын көрген ағалар естелік айтты. Ел ағасы Ғазиз Займолдаұлы да игілікті іске ұйытқы болған ұрпақтарына ізгі лебізін білдірді.
«Жақсының аты өлмейді» — деген осы. Тарихқа тағзым етіп, ұрпаққа ұлағатын ұсынған шараның тағылымы – бұл ескерткіш өткенге ғана емес, еңбекке тәу етер орынға айналады.
Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,
Ойыл ауданы.