Әкімдік

АРДАГЕРЛЕР – ҚОҒАМНЫҢ АЛТЫН ҚОРЫ

Ардагерлер – қоғамның рухани тірегі, елдік пен бірліктің ұйытқысы. Осы тұрғыда Ойыл ауданында ардагерлер ұйымы қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттық құндылықтарды сақтауға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып келеді.

2021 жылдың шілде айынан бастап 2026 жылдың қаңтар айына дейін Ойыл аудандық ардагерлер ұйымының кеңесіне төрағалық еткен Б.Бақтыгереевтің жетекшілігімен ұйым жүйелі әрі нәтижелі жұмыстар атқарды. Бұл кезеңде аудандық ардагерлер кеңесі облыстық ардагерлер кеңесінің әдістемелік басшылығын негізге ала отырып, жергілікті атқарушы органдармен, қоғамдық ұйымдармен тығыз байланыста қызмет етті. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына ардагерлер қауымының қосқан үлесі айрықша. Аға буын өкілдері халықты сабырға шақырып, қоғамдық тұрақтылықты сақтауда үлкен рөл атқарды.
Есепті кезең соңында ауданда 1856 зейнеткер тіркелсе, оның 1616-сы ардагерлер ұйымының мүшелері. Өмір сүру ұзақтығының артуы, егде жастағы азаматтардың қоғамдық өмірге белсенді араласуы – аудандық ардагерлер кеңесінің мақсатты жұмысының нәтижесі. 2025 жылы бастауыш ардагерлер ұйымдарында есеп беру–сайлау жиналыстары ұйымдастырылып, олардың құрылымы жаңартылды. Нәтижесінде аудан бойынша бастауыш ардагерлер ұйымдарының саны 14-ке жетті.
Ардагерлер кеңесі Жастар ресурстық орталығымен бірлескен іс-шаралар, еңбекке баулу, кәсіптік бағдар беру бағытындағы форумдар мен кездесулер ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған бастамаларға ардагерлер белсенді қатысты.
Отбасы құндылықтарын сақтау, тұрмыстық дау-дамайдың алдын алу бағытында да ардагерлердің рөлі зор. «Дәнекер» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін медиаторлар жүзден астам істі татуластыру жолымен шешуге ықпал етті. Қорытындылай келе, 2021–2026 жылдар аралығында Ойыл аудандық ардагерлер ұйымы қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, жастарға бағыт-бағдар беруге бағытталған ауқымды жұмыстарды абыроймен атқарды. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен елге деген жанашырлығы алдағы уақытта да аудан дамуына қызмет ете берері сөзсіз.

Related Articles

Back to top button