Әкімдік

КӨШПЕЛІ КЕҢЕС ҚАУІПТІ АУРУЛАРДЫҢ АЛДЫН-АЛУ ҮШІН

Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұйымдастыруымен Ойыл ауданында өндірістік кеңес өткізілді. Кеңеске облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Аяғанова және Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясының басшысы Жайдар Құрмановтар қатысты. Көшпелі кеңеске аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері, Ойыл обаға қарсы күрес бөлімшесі, «Ұлттық сараптама орталығы» Ойыл аудандық бөлімінің жауапты қызметкерлерімен қоса ауданның медицина және ветеринария саласының қызметкерлері қатынасты.

Кеңес барысында иммунопрофилактиканың маңызы, «Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесі туралы кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, профилактикалық егудің маңызы және заманауи ақпараттық жүйемен жұмыс істеу қағидалары талқыланды.
Алдымен сала жетекшілері кеңестің күн тәртібіне ұсынылған мәселелерге орай жан-жақты түсінік берді.
Аса қауіпті аурулардың облыстағы ахуалы туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы Мұрат Муафихов баяндаса, «Оба, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» сияқты басқа да жұқпалы аурулар бойынша өткізілетін алғашқы шаралар туралы Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы дәрігер-бактериологы Бақытбек Таубаев жан-жақты жеткізсе, «Ұлттық сараптама орталығы» Ақтөбе облысы бойынша филиалы аса қауіпті аурулар зертханасының меңгерушісі Роза Күзембаева «Аса қауіпті инфекцияларға күдікті науқастардан зертханалық тексеруге материалдарды алу туралы» түсіндірді. Ал, Ойыл аудандық ауруханасының бас дәрігері Алмат Байдуллаев «Ойыл ауданында карантинді жұқпалы ауруларға күдік туған жағдайда аудандық мекемелердің дайындығы» туралы бүгінгі жағдайды баяндады.
Сол күні Ойыл аудандык ауруханасының негізінде Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы және Ақтөбе обаға қарсы күрес станциясы бірлесіп «Оба ауруы тіркелген жағдайда қызметтердің өзара әрекет ету тактикасы» тақырыбында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет, емдеу-профилактикалық мекемелер және басқа да қызметтердің оба ауруына күдікті науқас анықталған жағдайда атқаратын іс-шараларын пысықтауды көздеген оқу-жаттығу сабағын өткізді.
Кешенді шаралардың Ойыл ауданында ұйымдастырылуы ауданның обаның табиғи ошағына орналасуы, яғни оба қауіпті инфекциясының тіркелу қауіпінің жоғарылығымен және жыл сайын жиналған кенелерден қауіпті туляремия ауруының белгілері анықталуы себеп болып отыр.

Related Articles

Back to top button