Әкімдік
Жыл қорытындысы көгілдір от думан кешіне ұласты
Биыл ауданымыз тағы бір жылды еңсерді. Доңыз жылында ауданымызда атқарылған игі істер де жетерлік. Осы орайда Жаңа жыл мерекесі қарсаңында «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында аудандағы мекеме басшыларының қатынасуымен «Армысың – Жаңа жыл» атты көгілдір от думан кеші өтті. Жаңа жылдық көгілдір от думан кешінің шымылдығы Жыл қорытындысына арналған бейнебаянмен түрілді. Айтулы шарада аудан әкімі Асқар Қазыбаев барша жиылған жұртшылықты Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, бірқатар мекеме басшыларын алғыс хаттарымен марапаттады. Оған қоса білім, мәдениет, спорт сынды салаларда қызмет етіп жүрген сала басшылары «Ойыл ауданы әкімінің сыйлығына» ие болды. Сонымен қатар жерлестеріміз Ақтөбедегі медициналық орталықтың бөлім басшысы, жоғары санатты білікті дәрігер, балалар хирургі Болат Медетбаевқа, Халықаралық деңгейдегі спорт шебері, 2019 жылғы 60 килограмм салмақта қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы Ұлан Мұқашевқа, «Тәжібай-АГРО» ЖШС директоры Абыл Сатаевқа «Ойыл ауданының жыл адамы — 2019» атағы берілді. Жаңа жылдық кешке жиылған көпшілік әрі қарай мерекелік дастархан басына жайғасты. Бір ауыз тілегі арқылы өткен жылға өкпе жоқтығын білдірген жергілікті билік өкілдері келер жылдан көп үміт күтетіндіктерін жасырмады. Ақжарма тілектерін алма кезек ақтарып, бәріде келер жыл құтты, берекелі жыл болуын тіледі. Мерекелік дастархан басына жайғасқан кеш қонақтарына аудан өнерпаздары әсем әндерін тарту етті.
Муса ӘДІЛБАЙҰЛЫ,
Ойыл селосы.