Білім

ОЙЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР «АҚЫЛДЫ» ҚОҚЫС ЖӘШІГІН ОЙЛАП ТАПТЫ

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында орналасқан Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің оқушылары экология мен технологияны ұштастырған жобаны жүзеге асырды.

Жас өнертапқыштар Санжар Талғатұлы мен Арсен Амангелдиев «ақылды» қоқыс жәшігін құрастырды.
Құрылғы заманауи инженерлік шешімдермен жабдықталған: ультрадыбыстық сенсор арқылы адам жақындағанда қақпағы автоматты түрде ашылады, ал арнайы панель арқылы қоқысты түріне қарай (қағаз, пластик, органикалық қалдықтар) сұрыптауға болады. Сонымен қатар, жәшік толған кезде экранда ескерту беретін интеллектуалды бақылау жүйесі қарастырылған.
Жас өнертапқыштар өз жобалары туралы:
«Біз «Таза Қазақстан» акциясына үлесімізді қосқымыз келді. Табиғатты қорғау – әрқайсымыздың міндетіміз. Осы жоба арқылы адамдарды қоқысты сұрыптауға шақырып, қоршаған ортаны таза ұстауға үлес қосамыз деп сенеміз», – деп атап өтті.
Бұл жоба – тек қоқыс жинау құралы емес, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған маңызды бастама. Қайта өңдеу мүмкіндіктерін арттырып қана қоймай, оқушыларды экологиялық жауапкершілікке тәрбиелейді.

Related Articles

Back to top button