Білім
Білім беру мазмұнын жаңарту
Қазір орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу үдерісі жүргізілуде. Бұл үрдіс 2021 жылы аяқталмақ. Осы уақытта біз қоғамда айтылып келе жатқан оқулықтар мен оқытудағы олқылықтардан арылып, жаңа заманауи білім жүйесіне негізделген әрі ұлттық дәстүр мен танымнан тамыр алған төл білім кеңістігін қалыптастыра білуіміз тиіс. Өйткені бұл мүлде жаңа бағдарламалар мен оқулықтардан стандарттардан тұрады. Білім шексіз мұхит. Сондықтан биылғы Елбасымыздың Жолдауда айтқанындай білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетудің өзекті екені анық.
Жуырда Ойыл қазақ орта мектебінде Ойыл аудандық жетекші мектеп мұғалімдеріне арналған «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мұғалімдердің кәсіби құзырлылықтарын дамыту» тақырыбында облыстық семинар-тренинг болып өтті. Семинарға аудан мектептерінен мұғалімдер қатысты. Семинар-тренингтің мақсаты — «Білім беру мазмұнына өзгеріс енгізудің тиімділігі және кедергілер, оларды жою жолдары, білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде оқушылардың оқу жетістіктерін критериалды бағалау, жаңартылған білім мазмұны бойынша тәжірибе алмасу». Облыс тренері Венера Теміржанқызы қатысқан сабақтарды нақты талдап, жетістіктер мен кемшіліктерді, білім беру мазмұнына өзгеріс енгізудің тиімділігі мен кедергілерді жою жолдарын айтып берді. Жаңартылған білім мазмұны бойынша координаторлар жоғары санатты қазақ тілі пәнінің мұғалімі Раушангүл Жазымова, жоғары санатты биология пәнінің мұғалімі Бибігүл Қарағұлова семинарды ұйымдастыруда аса жауапкершілік танытты. Мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары, физика пәнінің жоғары санатты мұғалімі Майра Жарқынбаева мен география пәнінің жоғары санатты мұғалімі Зибаш Бейісованың кіріктірілген сабағы — «Атмосфералық қысым» ғылыми тұрғыда практикамен байланыстырылған жоғары деңгейде өткізілген оқушыларға берер тағылымы мол сабақ болды. Сондай-ақ қазақ тілі пәнінің жоғары санатты мұғалімі Зина Бақытжанованың 5 а класында өткізген сабағы оқушылардың өздігінен білім алу әдістерін қалыптастыруда белсенділіктерін дамыта отырып, ойландырудың мүмкіншіліктерін дамыту дағдыларын жақсы меңгергендігін көрсетті. Жас мұғалімдер Гаухар Жұбанова, Жайдарман Дәулетқалиқызы, Жамал Махаева, Балқия Бегалина, Рысты Нұртанованың өткізген сабақтарынан «Үш тілді білім беруді енгізу» бәсекеге қабілеттілікті арттырудың басым факторы екендігін көруге болады. Жалпы семинардың аудан мұғалімдері үйретері көп, тәжірибе алмасуда тиімді, педагогтардың кәсібі құзыреттілігін дамытуда мектеп координаторларына жаңарту бағдарламасы бойынша жұмысына бағыт-бағдар беруді жетілдіретін қажетті пайдасы зор сабақ болды.
Ақмарал БИЖАНОВА,
ОҚОМ ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.