Шегіртке зиянкестеріне қарсы кешенді жұмыстар атқарылуда
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ойыл аудандық аумақтық инспекциясының мәліметінше, аудан аумағында ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау, егін алқаптарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шегіртке зиянкестеріне қарсы мониторингтік зерттеу және химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға сәйкес жүйелі түрде жүргізілуде.

Аудан үшін биылғы жылы шегіртке зиянкестерінің таралу қаупі ерекше бақылауға алынған. Соның ішінде италиялық шегіртке бойынша болжам 50 063 гектарды құрап отыр. Осыған байланысты мониторингтік зерттеу жұмыстары 150 000 гектар аумақты қамту жоспарымен ұйымдастырылған. Қазіргі таңда жоспарланған аумақтың 142 900 гектары толық зерттеліп, тиісті зерделеу жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде 47 140 гектар алқапта италиялық шегірткенің шоғырлануы анықталып, бұл жерлерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі белгіленді. Бүгінгі күнге дейін оның 45 926 гектарында залалсыздандыру жұмыстары толық орындалды. Қалған аумақтар бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Мамандардың айтуынша, мұндай кешенді шаралар зиянкестердің жаппай таралуының алдын алып, ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануын азайтуға мүмкіндік береді. Уақытылы жүргізілген өңдеу жұмыстары егіннің өнімділігін сақтап қалуда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ аудан аумағында саяқ шегірткесіне қатысты да тиісті жұмыстар атқарылуда. Саяқ шегірткесі бойынша биылғы болжам 15 780 гектарды құрап отыр. Бұл бағытта мониторингтік зерттеу жоспары 22 700 гектарға белгіленген. Қазіргі таңда анықталған 15 780 гектар алқап толықтай өңделіп, химиялық залалсыздандыру жұмыстары аяқталды.
Шегірткеге қарсы күрес жұмыстарына барлығы 18 маман мен қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде республикалық мониторинг орталығынан 9 маман, Ойыл аудандық аумақтық инспекциясынан 2 маман және ауылдық округтерден 7 әкімшілік өкіл қатысуда. Жұмыстардың тиімді әрі жедел жүргізілуі үшін қажетті техникалық құралдар да толық тартылған. Атап айтқанда, 4 дана УАЗ-УМО автокөлігі, 1 дана дрон, 1 Ан-2 ұшағы, 2 ГАРД автокөлігі және 1 ГАРД КамАЗ техникасы пайдаланылуда. Жалпы алғанда, аудан аумағында шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар жоспарға сәйкес тұрақты бақылауда. Барлық шаралар үйлесімді түрде атқарылып, зиянкестердің таралуына жол бермеу бағытында нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Алдағы уақытта да мониторингтік зерттеу және залалсыздандыру жұмыстары жалғасып, аудан аумағында фитосанитариялық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар толық орындалатын болады.
Гаухар АЛЕКСЕЕВА,
Ойыл селосы.



