Өткен аптада Ойыл ауданына Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дидар Боранқұлов, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Нұрлан Махамбетов, Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Данабек Ержанов келді. Жұмыс тобының сапары алдымен жәрмеңкенің сауда қатарларын аралаумен басталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында несие алған жеке кәсіпкер Сапура Мырзағалиеваның «Жылыжай» және Күншашқан Жауынбаевтың «Barber shop» ерлерге арналған шаштаразының қызметімен танысты.
Әрі қарай «Шұғыла» мәдениет және демалыс орталығында ауданымыздағы кәсіпкерлер мен шаруа қожалық төрағаларымен кездесті.
Кездесу барысында Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы, Ойыл аудандық филиалының директоры Жасұлан Ержанов кәсіпкерлік саласы бойынша ауданда атқарылған жұмыстармен жүзеге асқан кәсіпкерлік жобалар жайында баяндады.
Келесі кезекте сөз алған Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Дидар Боранқұлов кездесудің басты мақсаты — кәсіпкерлерді қолдау, олардың құқықтарын қорғау бағытындағы және қолданысқа енгізілген жаңа заңнамаларды түсіндіру, олардың сұрақтарына жауап беріп, пікір алмасу екенін жеткізіп, ашық пікірлесуге шақырды.
Кәсіпкерлер мен тұрғындар тарапынан субсидия алу, жер мәселесі, шаруа қожалықтарына электр шамдарын тарту секілді сауалдар қойылды. Жиында көтерілген сауалдар бойынша сала мамандары тұщымды жауаптарымен кәсіптерін кеңейтуге кеңес берді.
Г.АБАЙҚЫЗЫ,
Ойыл селосы.