
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасы аясында Ақтөбе облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов Ойыл ауданына қарасты Амангелді ауылына жұмыс сапарымен барды.
Сапар барысында ауыл тұрғыны Алтай Жалмұханов ауылдағы спортты дамыту және тиісті жағдай жасау мәселесін көтерді. Ауылдың жалпы халқы шамамен 750 адамды құрайды, ал орта мектепті биыл 148 оқушы аяқтаған.
Орта мектептің спорт залының жағдайы жақсы екені атап өтілді. Осыған байланысты бұқаралық спортты дамыту мақсатында ауданнан жаттықтырушы жіберіп, спорттық секцияларды ашу жоспарлануда.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Ойыл аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің қызметі мен инфрақұрылымының жай-күйі зерделенді. Аудан жастарын спортқа тарту және спорттық нысандарды дамыту бағытындағы мүмкіндіктер қаралды.
Бұдан әрі XIX ғасырдан сақталған, мемлекет қорғауындағы «Керуен-сарай» тарихи-архитектуралық кешенімен танысу жүргізілді. Кешен аумағында көне мешіт орны, тарихи құрылыс іздері және көне қоныс белгілері сақталған. Бұл ескерткіш өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дәріптеп қана қоймай, ішкі туризмді дамытуға және туристік әлеуетті арттыруға ықпал етеді.
Жұмыс сапары барысында Ойыл ауданының спорт инфрақұрылымының қазіргі жай-күйі зерделеніп, ауылдық жерлерде бұқаралық спортты дамыту жолдары талқыланды. Сондай-ақ өңірдегі туризмді дамытуға мүмкіндік беретін тарихи және мәдени орындардың әлеуетіне назар аударылды.



