ӘкімдікБасты тақырыпЭкономика
АУЫЛДАҒЫ ҚУАНЫШ
25 қазан – Республика күні Саралжын ауылдық округіне қарасты Ақкемер ауылында шағын футбол алаңы ашылды. Ашылу салтанатында сөз алған «AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы Еркін Жиеналин ауыл тұрғындарын маңызы бөлек бүгінгі Ұлттық мерекемен құттықтап, ауыл жастарына доп тарту етіп, ауылының көркеюіне атсалысқан жастарға аудан әкімінің алғыс хатын табыстады. Ауыл ақсақалы Өтесін Қошқаров ауыл жастарының игілігі үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірсе, мектеп оқушысы Бекбол Бекжанов ағаларына өзінің жүрекжарды лебізін жыр жолдарымен жеткізді.
Одан кейін мерекелік салтанатқа жиналған жұртшылық ауыл жастарының жуырда ғана жерлес іні-қарындастарына тарту еткен балалардың ойын алаңы мен демеушілікпен жасақталған хоккей кортын көрді.
Мерекелік салтанаттан соң басталған футболдан 8 команда қатысқан аймақтық жарыс Республика күнін алаңдағы «айқаспен» айшықтады. Шағын ауылдың қуанышына ортақтаса келген көршілері спорт денсаулық кепілі ғана емес, достықтың дәнекері екенін дәлелдеді.