Мәдениет

Стамбул сахнасында – ойылдық өнерпаздың жеңісі

Өнердің биігіне ұмтылған әрбір жас таланттың жетістігі – туған өлкесінің де мерейі. Жуырда Ойыл аудандық балалар музыка мектебінің «Академиялық вокал» класының оқушысы Дана Саматқызы Түркия Республикасының Стамбул қаласында өткен «Istanbul Art Fest–2026» халықаралық өнер байқауында жүлделі ІІ орынды иеленіп, аудан абыройын асқақтатты. Бұл жетістікке бастар жол Ақтөбе қаласында өткен «Zhuldyz Festival–2025» республикалық байқауынан басталды. Сол байқауда Ойыл аудандық балалар музыка мектебінің триосы үздік өнер көрсетіп, Бас жүлдені (Гран-при) жеңіп алған болатын. Осы жеңістің нәтижесінде өнер ұжымына Түркияда өтетін халықаралық байқауға жолдама берілді. Алайда түрлі себептерге байланысты трио толық құрамда қатыса алмай, халықаралық додада Ойылдың намысын Дана Саматқызы жеке дауыста қорғады. Стамбул сахнасында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан елдерінен келген 200-ге жуық қатысушы бақ сынады. Вокал, хореография, аспапта орындау және бейнелеу өнері бағыттары бойынша өткен байқауда Дана өз өнерімен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, жүлделі ІІ орынды қанжығасына байлады. Жас әншінің бұл жетістігінің артында ұстаз еңбегі жатыр. Дананы өнерге баулып, шығармашылық ізденісіне бағыт-бағдар беріп жүрген жетекшісі Манаргүл Беркінқызы байқау барысында мұғалімдерге арналған халықаралық Алғыс хатпен марапатталды. Бұл – шәкірт пен ұстаз еңбегінің қатар бағаланғанының айқын көрінісі. Халықаралық сахнада туған жердің атын танытып, өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленген жас дарынның жеңісі – Ойыл өңірінің мәдени өміріндегі тағы бір жарқын жетістік. Дана Саматқызы мен жетекшісі Манаргүл Досбаеваны лайықты марапаттарымен құттықтап, шығармашылық жолдарында толағай табыс, биік белестер тілейміз.

Гаухар АЛЕКСЕЕВА,

Ойыл селосы.

Related Articles

Back to top button