ЕҢБЕК МАЙДАНЫНЫҢ ЕРІ

Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің ұйымдастыруымен 23 қазан күні Ойыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Серікбай Төлеубаевтың туғанына 115 жыл толуына орай «Алғашқы хатшы» тақырыбында тарихи – танымдық шарасы «Ата жұрттың шежіресі киелі де, қастерлі» атты тарих залында ұйымдастырылды.

Шара барысында өмірбаяны, қызметтік кезеңдері, Ойыл ауданына жасаған игі істеріне, естеліктерге байланысты бейнебаяндар мен слайдтар көрсетіле отырып, көз көрген аудан тұрғындары мен Ойыл ауданының құрметті азаматтары, ағайын-туысқандары, ұрпақтары қатысып, естелік әңгімелерін жеткізді.
Алғашқы болып Астана қаласынан келген белгілі қаламгер, Ойыл ауданының құрметті азаматы, «Ойыл» кітабының авторы Сырым Бақтыгереев С.Төлеубаевтың озық тәжірибесі, басшылық жасаған жылдарында жеткен жетістіктері, ұрпақтары туралы өзінің естелігімен бөліссе, С.Төлеубаевтың Ойыл аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы болғаны мен «Жетікөл» кеңшарындағы қызметі туралы Ойыл ауданының құрметті азаматты, зейнеткер Ғазиз Займолдаұлы баяндады.
Серікбай Төлеубаев 1944 жылдың 1-ші наурыз айынан 1952 жылдың 10-шы тамызына дейін Ойыл аудандық партия комитетінің 1-ші хатшысы болып қызмет атқарған. Осы жылдар аралығында Ұлы Отан соғысының ауыр да, шешуші соңғы екі жылында аудан еңбекшілерін майданнан қалжыраған халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруге аянбай еңбек еткен. Нәтижесінде Ойыл ауданынан үш бірдей Соцалистік Еңбек Ері шығып, аудан мақтанышына айналды.
Соғыс жылдары Ойыл халық театрының жұмысына да көңіл бөліп, мәдениетке де өз үлесін қосқан.
1948-1950 жылдары «Қиыл», 1951-1953 жылдары «Тамдыкөл», 1951жылы Жекенді өзенінің бойынан «Тауасар» бөгеттерін салуға халықты жұмылдырып, басшылық еткен азамат.
1948жылы Серікбай Төлеубаев «Соцалистік еңбек ері» марапатына ұсынылған.
Ол ұсыныстан бас тартып, «Еңбек Қызыл ту» орденіне қанағат еткенін сол кездері партия қызметінде болған Айса Суқашевтың өз естелігінде мынадай деректермен баяндайды: «Жалған айтып Еңбек ері атанып, барша елге атағымды шығарғанша, істе де, сөзде де адал, әділ болып, өзім тұрған жер халқының сый-құрметіне бөленсем, одан асқан абырой-атақтың қажеті де жоқ». Бұл азаматтың тазалығы, адалдығы.
1955жылы ауыл шаруашылығын басшы кадрлармен нығайту жөніндегі Орталық партия Комитетінің қаулысына сәйкес, Ойыл ауданының ірілендірген Жамбыл атындағы колхозына төраға болып, екі жылда 5 фермасы бар Саралжын совхозын құрған. 1958 жылға дейін директор қызметін атқарған. Зейнет демалысына шыққанша мал шаруашылығы құлдыраған «Жетікөл» совхозына партия комитетінің хатшылығына сайланған. 5 жыл ішінде совхоздың шаруашылығын көтеріп, «Еңбек Қызыл Ту» орденін алуына үлкен үлес қосқан азамат.

Ол партия қатарында 50 жылға таяу уақыт болса, соның 32 жылын Ойыл ауданы еңбекшілерінің арасында өткізіп, 1977жылы 14 қарашада 67 жасында, туған жеріндей бауыр басқан Ойыл ауданында дүниеден озған.
Ұлы Отан соғысының 1дәрежелі «Еңбек Қызыл Ту» ордені және бірнеше медальдармен Қазақ ССР Жоғары Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған.
Ойыл ауданының түлеуіне қызмет етіп, табандылықпен еңбек етіп, елдің тыныс-тіршілігіне белсене араласқан, еңбегімен үлгі бола білген осындай азаматтардың өмірі кейінгі буын үшін өнеге.
Дулат ИСАБАЕВ,
Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің директоры.



